БҰҰ-ның Қазақстандағы өңірлік орталығы жұмыс істей бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҰҰ-ның Қазақстандағы өңірлік орталығы жұмыс істей бастады

04.08.2025

Алматыда Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған өңірлік орталығы ресми түрде жұмысын бастады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен ұйымның Бас хатшысы Антониу Гутерриш қол қою рәсіміне қатысты. Нысан аймақтың стратегиялық маңызы артып келе жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ аймақтағы елдер экономикасының орнықтылығы мен қарқынын күшейтуге, өңірлік инновацияны дамытуға және ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған іс-қимылдардың қозғаушысы болады. Ал Ауғанстанның бейбіт өмірі мен орнықты дамуы аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызға ие, - деді мемлеет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Аталған Орталықтың құзыреті мен функциялары аймақтағы немесе одан тысқары жерлердегі басқа ұйымдардың қызметін қайталамайды. Керісінше Орталық аймақ халқының нақты сұранысына назар аударудың арқасында қабылданып жатқан шараларды толықтырып, оның мән-мазмұнын арттыра түседі. Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетуге, білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға, сауда-саттықты жандандыруға және азық-түлік қауіпсіздігіне қатысты бастамалар арқылы ауған халқына қолдау көрсетуді жалғастырады.

Антониу Гутерриш бұл Орталықты ашу арқылы орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында өңір үшін жаңа кезеңнің басталғанын айтты. Бұл ортақ басымдықтар мен бірлескен шешімдерге негізделген ынтымақтастықтың жаңа дәуірін білдіреді. Ал нысанның саяси ұстанымы берік, әлемдік аренада бейбітшіліктің символына айналған Қазақстанда орналасуы орталықтың беделін одан әрі арттырады, - деді Антониу Гутерриш.

Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:

Қазақстанға шын жүректен тәнтімін. Мен үшін Қазақстан – даналықтың символы, халықтар арасына дәнекер болып, бейбітшілікке үндейтін ел. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын ешқашан ұмытпаймын. Осы шешімнің нәтижесінде Сіздердің елдеріңіз бейбітшілік пен қарусызданудың символына айналды. Өкінішке қарай, қазіргі әлемге осындай байыпты ұстаным жетпей тұр.

Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу