Алматыдағы Іле-Алатауы Ұлттық паркіне жыл басынан бері 510 мыңға жуық турист келіп, соның арқасында жергілікті бюджетке 298 млн теңге қаржы түскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,4 пайызға көп, дейді сала мамандары. Туристер ағынының өсуімен бірге парк аумағынан шығарылатын қоқыс көлемі де артып, биыл 740 тонна қатты қалдық шығарылды. Шаһарда демалушыларға қандай жағдай жасалып жатыр?
Қала қонақтары тұмса табиғатымен баурап алатын Алмарасан шатқалына жиі аялдайды. Мұндағы бекетке енді алдын ала төлем жасауға болады. Автоматтандырылған жүйе маусым басталғанда іске қосылды. Бұл бекеттегі көлік кептелісін азайтады, келушілерге ыңғайлы, дейді ұлттық парк қызметкерлері.
Арқау Шантаев, Іле-Алатауы Ұлттық паркі бас директорының орынбасары:
Кез келген көлік жақындағанда, мемлекеттік нөмірі оқылып, камера арқылы төлем мөлшері автоматты түрде шығып тұрады. Жаңа тариф бойынша 16 орындыққа дейінгі жеңіл көліктер жеке төлем төлейді – 5100 теңге. Қарапайым жеңіл көліктер – 1179 теңге. Ал жаяу жүргіншілер адам басына 589 теңгеден төлейді.
Үлкен Алматы көліне апаратын күре жол күрделі жөндеуден өтеді
Ал Үлкен Алматы көліне көтерілетін күре жол бес жыл бұрын жартастардан тас құлауына байланысты жабылған еді. Алайда жол жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Келешекте бұл аймақта демалушыларға арналған глэмпинг, шатыр, ұлттық нақыштағы әткеншектер қойылмақ.
Елнұр Ахметов, Іле-Алатауы Ұлттық паркінің бас директоры:
Үлкен Алматы көліне автокөліктерді жіберуді тоқтаттық, себебі жолдың қауіптілігі өте жоғары. Болашақта жолды жөндеу, жолға құлап кетуі мүмкін тастар мен жарларды бекіту және күшейту жұмыстарына қатысты жоспар жасалған. Бұл жұмыс алдағы екі жыл ішінде қолға алынады.
Десе де, жаяу жүргіншілерге шектеу жоқ. Мамандар енді Алмаарасан шатқалынан көлге дейінгі туристерге арналған 16 шақырым жол жөнделіп, қолайлы етіп жасалатынын айтты. Әзірге соның 1,5 шақырымы абаттандырылған.
Сиао Ли, турист:
Мен осы ғажайып көлді интернеттен көріп, Қытайдан арнайы іздеп келдім. Мұнда қауіпсіз, әрі табиғаты мен ауа райы жанға жайлы. Ал табиғаттың сұлулығын сөзбен жеткізе алмаймын. Тамаша!
Досжан Балабекұлы, турист:
Алматы тауларына шығып жүргеніме он жылдан аса уақыт болды. Алматы таулары туристерді көп тартады. Өйткені, теңіз деңгейінен 1800 метрден бастап альпілік өсімдіктер басталады. Әрбір биікті белдеуінде табиғат ерекше қарсы алады.
Демалушылардың салғырттығынан паркте оқыс жағдайлар жиі болады. Соның алдын алу үшін биыл бес өрт сөндіру станциясы ашылды. Орталық толықтай құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл мамандардың жағдайды әрдайым бақылауда ұстап, дер кезінде әрекет етуіне қолайлы, дейді парк қызметкерлері.
Айдана Қуантхан
