Маңғыстауда Шетпе ауылында қоғамдық көліктер қайта іске қосылды. Аудан орталығынан ауылдарға да автобустар қатынайды. Соған байланысты көшелерге аялдамалар салына бастады. Тұрғындардың сұрауымен автобус тұрағы және жәрмеңке өтетін орын жасақталған. Ауыл балалары үшін де әр шағын ауданда ойын алаңдары бой көтерді.
Биыл ауылда жаңалық көп. Мектептер жөнделіп, көшелер абаттандырылып жатыр. Қоғамдық спортты дамытуға арналған воркаут алаңдары мен балалар ойын алаңдары салынды. Тағы да 5 ойын, 4 футбол алаңдарының құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.
Ғайныш Айдарбаева, ауыл тұрғыны:
Ауылда балалар ойнайтын жер жоқ еді. Ауыл әкімдері осындай ойын алаңын салып бергеніне қатты қуанып отырмыз, ризамыз. Бұрын жолдың арғы бетіндегі мектеп қасында ойнайтын. Кішкентай балаларымызды көлік қағып кетпей ме деп қорқатынбыз.
Жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлердің сұрауымен ауылда жәрмеңке өтетін алаң жасақталған. Онда әр сәрсенбі сайын ауыл шаруашылық өнімдерінің саудасы қызады.
Айгүл Әбілова, кәсіпкер:
Біз таза өнім Ақтөбенің майы мен қаймағын сатамыз. Ақтаудан әкелінетін жекеменшік тоқаштар, қарбыз-қауын – бәрі өз қожалықтарынан жеткізілген. Осындай сөре жасап берген соң, күннің астында тұрмаймыз. Жағдайымызды жасап қойды. Таза орны, суы және қасымызда қоқысты жинап әкететін жәшігі де бар.
Ауылда былтырдан бері қоғамдық көлік қатынай бастады. Сондықтан аялдамаларға сұраныс туды. Бүгінде 7 аялдама қолданысқа берілді. Тағы 8-і салынып жатыр.
Айдос Шамғұлов, Шетпе ауылының әкімі:
Былтыр қоғамдық көліктер жүре бастады. Сол кезде тұрғындардан көптеген өтініштер түсті, соған байланысты халық көп шоғырланатын жерлерге аялдамалар орнаттық. Алдағы уақытта тағы 8 қосымша аялдамаға жобалық-сметалық құжаттамамыз дайын.
Шетпе - Маңғыстау ауданының орталығы. 17 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен. Бүгінде барлық ауылмен арада қоғамдық көлік қатынайды.
Аягөз Оралбайқызы
