СҚО-да ауылдағы жолдың 70 пайызы талапқа сай келмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да ауылдағы жолдың 70 пайызы талапқа сай келмейді

02.08.2025

Солтүстік Қазақстан облысында биыл жөнделген ауыларалық жолдардан алған сынаманың 70 пайызы талапқа сай келмейді.

Әсіресе асфальт төсеменің тығыздық көрсеткіші төмен екені анықталды. Биыл теріскейде републикалық, облыстық және жергілікті деңгейдегі 1200 шақырым жол жөнделмек. Ал жүргізушілер былтыр ғана жаңаланған асфальттың сыр беріп үлгергенін айтады. Талап бойынша күрделі жөнделген немесе реконструкция жасалған жол 16 жылға дейін қызмет етуі тиіс. Ал орташа жөндеуден өткен учаскелер 5 жыл.

Жыл басынан бері 1600 сынама алынған. Зертханада сараптама жасалып, ақау анықталғаннан кейін жоюға нұсқау беріледі. Мамандардың айтуынша, оның басым бөлігі орындалған. Жаз бойғы тексеріс республикалық трассаның 10 пайызында, облыстық жолдың 50, аудандық маңызы бар тас жолдың 70 пайызында ақау барын көрсетті.

Марат Дәрібаев, «Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы» СҚОФ зертхана меңгерушісі:

Ауылдар мен әкімдіктерде мамандар жоқ. Кейбір жерлерде техникалық қадағалаушылар да тапшы. Бүкіл облысты толық тексеруге шамамыз жетпейді. Су қанықтылығы мен тығыздалу коэффициенті талапқа сай болмаса, су кіріп, көктемде нысан бұзылып кетеді.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу