Елордада халықаралық «Қасиетті кітаптар» көрмесі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада халықаралық «Қасиетті кітаптар» көрмесі ашылды

01.08.2025

Астанада алғаш рет халықаралық «Қасиетті кітаптар» және «Турин Кебіні» көрмелері ашылды. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі аясында ұйымдастырылған экспозиция екі ай бойы жұмыс істейді. Мұнда VII ғасырдағы Құран қолжазбасы, XIX ғасырдағы Інжіл нұсқалары, Кенесары ханға тиесілі Құран кітабы, сондай-ақ Талмуд, Тора, буддистік Трипитака сынды түрлі діндердің аса құнды жәдігерлері қойылған. Барлығы 50-ге жуық сирек кездесетін жазба мен кітаптар таныстырылды. «Турин Кебіні» көрмесінде христиан әлеміндегі ең қастерлі жәдігерлердің бірі – Иса пайғамбардың денесі оралған делінетін Турин жамылғысының дәлме-дәл көшірмесі ұсынылды. Қазақстанда алғаш рет таныстырылған көрмеде 27 тақырыптық панель, тарихи артефактілер, бейнематериалдар мен иллюстрациялық деректер бар.

Асылбек Орынбасар, Ислам каллиграфиясының шебері:

Айрандай ұйып отырған еліміз көптеген мемлекеттерге үлгі саналады. Бұл іс-шара да соның айғағы. Мен оны тұрақтылықты, өзара диалогты нығайтатын және үйлесімді өмір сүрудің басты нышаны деп есептеймін.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу