Премьер-Министр Түркістан облысындағы су тапшылығына байланысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-Министр Түркістан облысындағы су тапшылығына байланысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды

31.07.2025

Премьер-Министр Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жай-күйімен танысты. Мамандардың мәліметінше, биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде жауын-шашын аз. Халықаралық болжам бойынша қуаңшылық қаупі жоғары. Әсіресе Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан егістік алқаптарының ахуалы алаңдатарлық. Ұзаққа созылған құрғақшылық егін шығымына әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар Олжас Бектенов Көксарай су реттегішіндегі қайта жаңарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Бұл – өзен суының ағымын реттеп, алқаптарға үздіксіз су жеткізудің кепілі. Үкімет басшысы трансшекаралық өзендерден келетін судың жыл сайын азайып келе жатқанын ескере отырып, ішкі су қорларын дамытуға басымдық берілетінін айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел аумағында 20 жаңа су қоймасын салу және кемінде 15 нысанды күрделі жөндеуден өткізу көзделген.

Нұрбол Тұрасбеков, облыс әкімінің орынбасары:

Вегетация кезеңінде судың аз болуына байланысты қазіргі таңда Бәйдібек би ата су қоймасында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 68 млн кубқа. Және де Боралдай су қоймасының жобалық сметалық құжаттары дайындалды. Екі жоба іске асқан жағдайда қосымша 113 млн кубты вегетация кезеңінде Бәйдібек су қоймасына тастай отырып, ағын сумен қамтамасыз етуді аудандағы суармалы жерлерге арттыратын боламыз.
Премьер-Министр Олжас Бектенов Қызылорда облысына да жұмыс сапарымен барды. Президенттің су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын бақылады. Қызылорда су торабы 1956 жылдан бері жұмыс істейді. 120 мың гектар жерді сумен қамтып отыр. Қазір аймақта егістік құрылымы өзгеріп, ылғал сүйгіш дақылдардың, соның ішінде күріш пен мақтаның алқабы азайтылуда. Бұл су тұтынуды 20%-ға төмендетуге бағытталған. Үкімет басшысы суды тиімді пайдалану тәжірибесін кеңейту мен заманауи суару әдістеріне көшу бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

Ернұр Медет

Хабарламаларға жазылу