Ақтауды кәріз суының кесірінен жағымсыз иіс жайлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауды кәріз суының кесірінен жағымсыз иіс жайлады

31.07.2025

Ақтауда кәріз суы дұрыс тазаланбастан далаға төгіліп жатыр. Жауаптылар тазарту станциясында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуіне байланысты осылай істеуге мәжбүрміз дейді. Алайда Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының тұрғындары бірнеше ай бойы жағымсыз иіске тұншығып отыр.

Ақтауда көптен бері жағымсыз иіс сезіледі. Кейде тіпті, терезе аша алмай қаламыз, - дейді тұрғындар. Мүңкіген иіс әсіресе қаланың жоғарғы бөлігіндегі шағын ауданда тұратындардың мазасын қашырған.

Айгүл Абдуллаева, қала тұрғыны:

Үш ай жаз бойы, кешкісін жел солтүстік беттен соққанда, мұнда демалу мүмкін емес. ҚР заңы бойынша, ең басты құндылық – адам мен оның денсаулығы емес пе? Ал осы иістен денсаулығымызға зиян келсе, оған кім жауап береді?

Мирас Қалиев, қала тұрғыны:

Бір жылдан бері иіс бар, халық айтып та, көріп те жүр. Ал әкімдіктегілер соны ескермей ме, білмеймін.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Кәріз суы, міне, осы құбырдан төгіліп жатыр. Мына жердің исі қолқаны қабады. Әне 3-4 шақырым жерде Ақтау көрініп тұр. 1 шақырымда Қошқар ата улы көлі жатыр. Осы лас су сол көлге жіберіледі.

Кәріз суын тазарту станциясында «Каспий жылу су арнасы» мекемесі қызмет көрсетеді. Бас инженердің айтуынша, КОС-2 станциясына қаладан 17 мың шаршы метр кәріз суы келеді. Ол механикалық өңдеуден ғана өтіп, тез арада далаға төгіледі.

Серік Жалғасбай, «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің бас инженері:

Бұл мәселе бойынша экологтармен бірлесіп жұмыс істейміз, эмиссия зертханалық сынақтардан өткізіледі, арнайы хаттамамыз бар. Сол арқылы су Қошқар ата көліне төгіледі. Бұл су көлдің су айнасын сақтау мақсатында жіберіледі. Қазіргі таңда бізде суды бұратын басқа орын жоқ, тек Қошқар ата көліне ғана төгіледі. Ал «КОС-2»-де бұл су әзірге тек механикалық тазартудан өтеді, толық көлемде тазаланбайды.

Мамандар КОС-2 тазарту станциясында қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатқанын алға тартты. Құрылыс келесі айдың соңына дейін жалғасады. Сондай-ақ кәріз суы төгілетін құбырды қаладан шалғай жерге көшіру жоспарланған.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу