Атырау облысы Исатай ауданында түйелер белгісіз індетке шалдыққан. Шаруалар бұл дерт төрт-түліктің бәріне жұға ма деп алаңдаулы. Осыдан бір ай бұрын көршілес жатқан Құрманғазы ауданында 200-ден аса ойсылқара тұқымы ауырып, оның 84-і сеспей қатқан еді. Ал қазір ахуал қалай?
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Соңғы екі айда Құрманғазы ауданында 204 түйе белгісіз ауруға шалдығып, оның 84-і қырылып қалды. Ал қалған 120 ойсылқара тұқымын мамандар емдеген. Мал індеті Дыңғызыл, Мақаш, Еңбекші және Нұржау ауылдарында тіркелді. Мамандар сол кезде дереу сынама алған. Бірақ сараптамадан ешқандай ауру анықталмады. Сондықтан әлі күнге дейін нақты диагнозы бегісіз. Мамандар әлі зерттеп жатыр. Тіпті министрліктен ғалымдар да тартылған. Осыған ұқсас жағдай осыдан 3 күн бұрын Исатай ауданына қарасты Арқар ауылында тіркелді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада түйе құтырып, жерге құлағанын анық көруге болады. Қазір мамандар малды оқшаулап, бақылауға алған.
Нұркен Бояров, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекция басшысының орынбасары:
Исатай ауданы бойынша кеше Facebook, WhatsApp, Instagram әлеуметтік желілеріне тараған «түйе құтыру ауруына ұшырады» деген ол жалған ақпарат. Себебі ол түйелер күні бүгінге дейін Тұшықұдық ауылында шаруалардың қорасында бақылауда тұр. Жалған ақпарат деп ескертеміз. Бұл сынамалар Астана қаласына жолданды. Аса қауіпті аурулар анықталған жоқ.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Жергілікті ветеринарлар індеттің себебін анықтауға тырысып жатыр. Түйелерді жәндіктердің шағуы мүмкін немесе паразиттік инфекциялар, не болмаса малдың улануы да ғажап емес. Әзірге бұл мамандардың болжамы ғана.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
