Елімізде теміржол арқылы транзиттік тасымал көлемі 14,6 миллион тоннаға жетті. Бұл туралы Президент қабылдауында болған «Қазақстан темір жолы» АҚ басқарма төрағасы мәлімдеді. Талғат Алдыбергеновтің ақпарынша, биылғы жартыжылдықта жүк айналымы 8,6% өскен. Трансұлттық теміржол дәлізін дамыту үшін 1700 шақырымнан астам жаңа желі салынып, 3 мың шақырым жол жөнделіп жатыр. Биыл Достық-Мойынты және Алматы бекетін айналып өтетін темір жол желісінің құрылысы аяқталады. Ал Дарбаза – Мақтаарал жобасын іске асыру жалғасады. Терминал желілері кеңейтіліп, цифрландыруға басымдық беріліп жатыр. Транзиттік декларация рәсімдеу уақыты 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарды. Ал Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін және экономикасын дамытуда компания үлкен рөл атқаратынын атап өтіп, көлік инфрақұрылымын одан әрі жаңғыртудың маңызына тоқталды.
Нұрсұлтан Тілектес
