Елімізде пойыздарға билет тапшы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде пойыздарға билет тапшы

30.07.2025

Елімізде күніне 2000 вагон жолаушы тасымалдайды екен. Бірақ соған қарамастан пойыздарға билет жоқ. Діттеген жеріне жету үшін азаматтар бір жарым ай бұрын қамданамыз деп шағымданды. Кейбірі апталап вокзал кассаларын торуылдап жүр. Жаз шықса болды, жылдағы проблема осы. Бұған не себеп? Мәселе қашан шешіледі? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тақырыпты зерттеген еді.

Астана-Алматы, Астана-Шу, Астана-Маңғыстау бағыттарына билет жоқ. Қазір Қазақстанның кез келген бағытына пойызбен жету мүмкін болмай тұр.

Ұшақ билеті қымбат, ал көлікпен жүру қауіпті әрі машақаты мол. Сондықтан билет табылып қалар деген үмітпен вокзал кассаларын торуылдап жүргендер көп.

Несібелі Итебаева, қала тұрғыны:

Билет жоқ. Бес күн болды келіп жүргеніме. 1-не дейін билет жоқ. Луговойға, Құланға баруым керек. Алматыға да, Шуға да, Сарығаш, Қызылордаға билет жоқ. Қалтасы барлар ақшасы барлар сатып алып қойған дейді. Сөйтіп жақындағанда сатады дейді. Енді соларды аңдимыз ба? Күзетші күнде келе берсеңіз шығып қалады дейді.

Біз тұрғындардың билеттерді алыпсатарлар иемденіп алып, артынан халыққа қымбат бағада сатады деген нұсқасын тексеріп көрдік.

Ереже бойынша бір адамға төрт билеттен артық сатылмайды. Осы тұста заңды сұрақ туындайды? Алыпсатарлар билеттерді қайдан алады? Осы сауалды біз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ына қойған едік. Олар делдалдарға қатысты ешқандай дерек жоқ деді. Ал тапшылықты былай түсіндірді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі:

Вагон тапшылығы билет жетіспеушілігіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Халықтың сұранысын өтеу мақсатында және бос билеттердің болмауына байланысты «Күту парағы» қызметі енгізілді. Бұл қызмет жолаушыға электронды кезек арқылы билет сатып алуға мүмкіндік береді.

Көлік министрлігінің өкілдері болса жүйелі түрде тексеріс жүргізетін айтып, олар да әзірге ешқандай дерек тіркелмегенін алға тартты.

Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:

Біздің министрлік қызметкерлері, теміржол комитеті бар. Сол жердегі мамандар шығып жасырын сатып алушы акциясын жүргіземіз. Министрлік ретінде құзіретіміз болғандықтан басқа да бақылау түрлерін жүргізіп отырамыз. Сол жерге бару, құжаттарын тексеру т.б. Егер сіз қандайда бір заңбұзушылықты байқасаңыз бізге барлық ақпаратты беруіңізге болады. Біз тексеріс жүргізіп, сізге кері байланысқа шығамыз.

Билет таппаған азаматтар Қазақстан темір жолы сайтындағы күту парағына тіркелуі керек. Дегенмен, аты айтып тұрғандай біреудің билет тапсырғанын күтуге тура келеді. Бірақ уақыт тығыз болғанда тәуекелге бел буып, такси қызметіне жүгінуге мәжбүр.

Бүгінде 11 бағыт бойынша қосымша вагондар жұмылдырылған. Бұл билет тапшылығын қысқартуға сеп болуы тиіс. Айта кету керек, жаздың бірінші айында-ақ 2 млн-нан астам билет сатылған.

Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу