Ресейде су тасқынынан 50 өңір зардап шекті. Мәселен, Хабаровск өлкесіндегі жалғыз үлкен көпірді су шайып кетсе, Якутияда екі мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалған. Қарғын суға қарсы күшейтілген режимде жұмыс жүрсе де, жағдайды тұрақтандыру мүмкін болмай тұр.
Тасқын су 450 елді мекенді шайып кеткен. Иркутск, Омбы, Түмен, Челябі облыстарында да ахуал күрделі. Биыл жаз айларында толассыз жаңбыр жауғандықтан, өзендердегі су деңгейі көтерілген.
Антон Маркелов, Төтенше жағдай министрлігінің қызметкері:
Кей өңірлерде су деңгейі 45 сантиметрге көтерілген. Бөгеттерді бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда шығынды бағалау үшін арнайы комиссия құрылды. Барлық су астында қалған үйлерді аралап, шығынды есептейді.
Былтыр Орынбор облысында дамбы жарылып, тұрғындар баспанасыз қалса, биыл Ресейдің ең суық өңірі саналатын Якутияда үш өзен бірдей арнасынан асқан. Өңірде мұндай су тасқыны соңғы 45 жылда болмапты. Зардап шеккендердің бәрі уақытша пункттерге орналастырылды.
Ал мамандар босаңсуға негіз жоқ дейді. Өйткені Ресейдің басым бөлігінде жауын-шашын толассыз жауып жатыр. Сондықтан су тасқынының астында қалған өңірлердің саны артуы мүмкін. Тіпті елдің мәдени астанасы саналатын Санкт-Петербург қаласында да 160 жыл болмаған су тасқыны болжануда.
Индира Бегайдар
