Ақтөбе қаласында ірі логистикалық хаб ашылады. Түркияға жасаған ресми сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен кездесіп, жобаның жүзеге асырылу барысын талқылады. Тағы бір түрік компаниясы ауыл шаруашылығы саласына 160 млрд доллар инвестиция құймақ. Саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы тың келісімдер туралы әріптесім Оңғар Алпысбайұлы жеткізеді.
Анкара. Есенбоға әуежайы. Құрмет қарауылы сап түзеп, мәртебелі мейманды қарсы алуға дайын тұр. Қарбалас сәтке қарамастан ресми делегация мүшелері жоғары деңгейде қабылдау жасауға ұмтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевты әуежайда Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған өзі қарсы алды.
Лидерлердің жылы жүздесуі қос елдің жылы қарым-қатынасын аңғартып тұрғандай. Одан соң екі ел басшылары әуежайда аз-кем әңгімелесіп, ресми сапардың маңызы мен мазмұнына тоқталды.
Қазақстан мен Түркия көшбасшылары сапарды Анкара төріндегі Ата Түрік кесенесіне арнайы барып, зиярат етуден бастады. Одан соң Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше бизнес өкілімен жеке кездесті. Қазақстанның транзиттік ахуалын арттыру бойынша ірі жобалардың іске асырылу барысын талқылады.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:
«Самрұқ-Қазынаның» еншілес компаниясы «Қазпошта» түрік логистикалық ЕС систем компаниясымен бірлескен кәсіпорын құруда. Бұл бірлескен кәсіпорын Ақтөбенің әуежайында логистикалық хабты салып жатыр. Бұл жобаны келесі жылдың аяғына дейін іске қосатын боламыз.
Хусейн Арслан, Yda Holding компаниясының басқарма төрағасы:
Біз Қазақстанда 23 жылдан бері жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінде инвестициялық портфеліміз 2 млрд доллардан асады. Зауыттарымыз, әуежайларымыз, медициналық мекемелеріміз бар. Қазақстан Президенті кәсібімізді кеңейту үшін қолдау болатынын айтты.
Қазіргі кезең – адамзат тарихындағы аса маңызды бетбұрыс сәті. Әлем даму жолының жаңа бағытына қадам басып, бұрынғы басымдықтар мен сұранысқа ие салалар өз маңызын жоғалтып келеді. Бүгінде әрбір ел, әрбір өңір жаңа мүмкіндіктерді бағамдап, даму тұғырын қайтадан саралап жатыр,-деді саясаттанушы. Осындай кезеңде Түркі мемлекеттері де тың серпін алып, келешекті көздейтін ауқымды жобаларды қолға алуда.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
Заңгиур дәлізі. Бұл дегенің Түркия мен Әзірбайжанді тікелей байланыстыратын дәлізді құру. Сол арқылы Орта Азияны, Қытайды және Еуропаны байланыстыратын орта дәлізді дамыту деген сияқты жобалар қазір күн тәртібінде тұр.
Жалпы, көлік саласы бойынша Қазақстан мен Түркия арасындағы жүк тасымалы тұрақты дамып келеді. Былтыр темір жол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 14% өсіп, 4,8 млн тоннадан асты.
Мехмет Сейфетдин Эрол, Анкара дағдарыс жағдайлары мен саясатты зерттеу орталығының құрылтайшысы:
Қазақстан ерекше басымдық беріп отырған Транскаспий халықаралық көлік дәлізі Түркия үшін өте маңызды. Біз оны Қытай сияқты алып державамен байланысты сақтап қана қоймай тереңдете түсуге мүмкіндік беретін бағыт деп есептейміз.
Былтыр Түркиядан Қазақстанға 598 млн доллар тікелей инвестиция тартылды. Бүгінде түрік кәсіпкерлерінің капиталымен құны 3 млрд доллардан асатын 80-ге жуық жоба жүзеге асырылып жатыр. Тағы 4,2 млрд долларлық 39 жоба жуырда қолға алынбақ.
Бауыржан Тұрлыбеков, экономикалық зерттеулер институтының директоры:
Түрік компаниялары Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан бастап бізде жұмыс істеп келе жатыр. Бүгінде олардың саны бес мыңнан асты. Оның отыз пайызға жуығы құрылыс саласында. Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, туризм сияқты бағыттар да түрік кәсіпкерлерінің арасында үлкен сұранысқа ие.
Түркия – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша үздік төрттікке кірді. Тауар айналымы бір жылда 5 млрд долларға жеткен. Түркия Президент сарайында өткен шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулер кезінде лидерлер мен делегация мүшелері бұл көрсеткіштерді еселеу мәселесін талқылады.
Джемиле Кынанджы Баран, Түркі әлемін зерттеу орталығының басшысы:
Бұған дейінгі кездесулерінде Реджеп Тайип Ердоған Қазақстанға экономикалық, саяси бағытта ғана емес әскери мәселелер бойынша да қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізген. Ал Түркияда болған қатты жер сілкінісінен кейін Қазақстан мемлекет тарапынан ғана емес қарапайым халқына дейін бірігіп көмектерін көрсетті. Бұл екі елдің кез келген жағдайда бірге бола алатынын дәлелдеп отыр.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Осылайша бауырлас екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер жемісті өтті. Қос мемлекет мұнай-газдан бастап, логистика, қаржы, денсаулық сақтау мен энергетикаға дейінгі бірқатар стратегиялық бағыттар бойынша жаңа келісімдерге қол қойды. Бұл – Қазақстан мен Түркия арасындағы өзара сенім мен серіктестіктің жаңа кезеңге қадам басқанын айқын көрсетеді.
Оңғар Алпысбайұлы
