Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның ТМД бойынша Өңірлік орталығы құрылуы мүмкін. Нью-Йорк қаласында өткен форум аясында Қазақстан делегациясы БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі әрі Еуропа мен ТМД елдері бойынша өңірлік директоры Ивана Живковичпен кездесті. Тараптар өңірлік орталық құру мәселесін талқылады.
Кездесу барысында Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев Қазақстан мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы жемісті әріптестікті атап өтіп, Астанадағы елдік офисінің маңызды үлесіне ерекше екпін түсірді. Ең бастысы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның ТМД бойынша Өңірлік орталығын ашу мәселесін және оның тиімді қызмет ету жолдарын талқылады.
Асан Дарбаев, Ұлттық экономика вице-министрі:
Біздің президенттің бастамасын БҰҰ басшылығы қолдауы – бұл тарихи оқиға. Соның арқасында биылғы жылдың наурыз айында Бас Ассамблеяның шешімімен 150 ел қолдап, арнайы орталық ашылатын болды. Ол Орталық Азия мен Ауғанстандағы мәселелерді шешуге негізделген.
Саяси форум аясында Қазақстан өзінің үшінші ерікті ұлттық шолуын ұсынды. Ерікті ұлттық шолу – бұл елдер Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізудегі қадамын бағалайтын және есеп беретін процесс. Шолу – өзекті мәселелерді зерделеп, талдау жасайтын ауқымды әрі маңызды құжат.
Нұргүл Жанназарова, ҚР ҰЭМ Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры:
Жалпы орнықты даму мақсаттарының 17 мақсаты ол экономикалық, әлеуметтік және экологиялық, үш түрлі тараптан, бөліктен тұратын болғандықтан осы жерде біз барлығын қамтуға тырыстық. Негізі ұлттық шолуымызда 17 түрлі бағыттың барлығының қысқаша сипаттамасы бар және соның ішінде 8 мақсатты біз тереңірек талдап, бірнеше жыл дайындалып, 140 елдің алдында, 37 елдің құрамында, қатарында қорғап шықтық.
Ал БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі әрі Еуропа мен ТМД елдері бойынша өңірлік директоры Иван Живкович Қазақстанның ТМД үшін қол жеткізуге бағытталған берік ұстанымын атап өтті. Оның ішінде үшінші Ерікті ұлттық шолудың ұсынылуы мен ТМД бойынша Өңірлік орталық құру бастамасы айрықша маңызға ие екенін жеткізіп, Қазақстанның орнықты дамуына қолдауды қуаттай түсетіндерін білдірді.
Жалғас Сәдібекұлы
