Президент Жоғары аудиторлық палата төрағасын қабылдап, есебін тыңдады. Әлихан Смайыловтың ақпаратынша, биылғы жартыжылдықта 20 триллион теңгені қамтитын 12 мемлекеттік аудит жүргізілген. Оның аясында орта білім беру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, цифрлық даму, электр энергетикасы және жоғары жетістіктер спортын қаржыландыру секілді негізгі бағыттар тексерілген. Үкіметке және аудит жүргізілген нысандарға 60-тан астам ұсыныс пен 450 тармақтан тұратын ұйғарым берілді. 20 факті бойынша іс материалдары құқық қорғау органдарына жолданды. Енді Жоғары аудиторлық палата бюджеттен тыс қорларды тексеру құзыретіне ие болды. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит жүйесін кезең-кезеңімен дамытуды тапсырды. Бұл ретте оның тиімділігі мен ашықтығына баса мән берген жөн. Президент мемлекет қаражатының жұмсалуын бақылауға заманауи цифрлық технологияларды енгізу маңызды екенін де атап өтті. Сонымен қатар басы артық шығындарды азайту, ұлттық ресурстардан түсетін пайданы барынша еселеу қажет, деді.
Нұрсұлтан Тілектес
