Астанада қала күніне орай 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада қала күніне орай 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған

05.07.2025

6-шілде Астана күні. Осыған орай бас қаланың өзінде 100-ден астам түрлі мәдени, спорттық және отбасылық іс-шара жоспарланған. Айта кетейік, мерекелік бағдарлама 30 маусымнан басталды, 7 шілдеге дейін жалғасады. Көпшілігіне кіру тегін. Ал бүгін Елордада қандай мерекелік шаралар өтті? Әріптесім бірқатарын аралап келді.

Бүгін қала күнін тойлау Перформанстар фестивалінен басталды. Түрлі-түсті сахналық киім киген әртістер көшеде қойылымдар қойып, қаланы аралап, шеру өткізді. Шараға Қазақстан мен Ресейден келген шығармашылық ұжымдар атсалысты.

Ал «Ғашықтар» саябағы аллеясында жас кәсіпкерлерді, отандық өндірушілерді қолдау мақсатында қалалық жәрмеңке өтіп жатыр. Шараға 30-ға жуық қолөнер шебері өз өнімдерін алып келді. Мұнда авторлық ерекше дизайны бар өнімдер мен бұйымдарды тамашалай аласыз. Жәрмеңке түскі 12-де басталып, түнгі 10-ға дейін 2 күн бойы жалғасады.

Арман Төлегенов, кәсіпкер:

Астана күніне орай арнайы Шымкенттен келіп, өзіміздің Қазақстанның өнімін, қазақтың дүниесін дамыту үшін алып келген дүниеміз бар. Тегін түрде, ұйымдастырушылардың қолдауымен жасалып жатқан дүние барлығы да.

Руслан Сәбитов, «Нұра» ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

Қазір жаңбыр жауып тұрса да, көрушілер азайып жатқан жоқ. Келіп жатыр, қарап жатыр. Бұл іс-шара біздің астаналық қонақтар мен тұрғындарды қуанту үшін, бір жағынан отандық өндірушілерді қолдау үшін өткізілген іс-шара.

Сондай-ақ орталық саябақта «отбасылық мереке» ұйымдастырылды. Отбасы институтын нығайту мақсатында қойылымдар, түрлі спорттық ойындар, қазақ тілінде мультфильмдер көрсетіледі. Кәсіби суретшілер балаларға шеберлік сабақтарын өткізеді. Демалысқа арналған аймақтар да бар. Кешке шағын концерттік бағдарлама ұсынылады. Шара ертең де жалғасын табады.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу