Көшеде, сыртта қорықпай жүріп-тұру, балаларды ойлап үнемі алаңдап отырмау, әйелдердің «бүгінгі күнім таяқсыз өте ме, екен?» деп жүрегі аузына тығылып жүрмеуі, тапа-тал түсте телефон, интернет, «қаржы пирамидаларының» алаяқтарына алданып қалмау, есірткі бизнесін тұншықтыру және коррупцияның бейнелеп айтқанда «параличке» ұшырауы. Заң мен тәртіпке бағынатын кез-келген адам ұстайтын және аңсайтын қарапайым өмір стандарттары. Мәселе осы стандарттарды тұтас мемлекет, бүкіл қоғам айнымас қағида қылғанында.
Президент апта басында құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісін өткізген. Мемлекет істеуі, қамтамасыз етуі керек міндеттер мен әрбір азамат арқалауы тиіс жауапкершілікке тоқталды. Дәлірегі – сана трансформациясы туралы.
«Заң – қысым көрсетуге немесе қудалауға арналған құрал емес. Заң – әр адамның құқығы мен бостандығының қорғаны. Біз осы ақиқатты терең түсінетін азаматтық және мәдени орта қалыптастыруымыз қажет. Тәртіп – жалпыға ортақ құндылыққа, ал заңға бағыну – әркімнің өмір салтына айналуға тиіс. Мемлекеттік аппарат пен бүкіл қоғам жұмылып жұмыс істесе, еліміз көздеген мақсатына жетеді... Азаматтарымыз әдеп пен заңды мәжбүрлікпен емес, саналы түрде сақтауы керек».
Ал электронды үкімет пен танымал банк қосымшалары арқылы қолданатын «Заң мен тәртіп» платформасы арқылы полицияға тікелей және жедел түрде хабарлама жолдай аласыз. Бұл кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидатын жүзеге асыруға ықпал етеді, деді.
Сондай-ақ, «Қауіпсіз қала» ұлттық платформасын іске қосуды тапсырған. Енді қаладағы бейнебақылау құралдары адамның бет-жүзін анықтап, оның жүріс-тұрысына талдау жасап, көшедегі көлікті де есепке алады. Бұл түрлі заңсыздықтың алдын алуға мүмкіндік береді, деп отыр.
Заң мен тәртіп жолына қоғам мен билік бұтақтары «қол ұстасып» түсуі шарт. Тіпті соңғылары бастамашыл болуы тиіс. Бұл «жолдың» асфальты көзалдаусыз, сапалы төселсе, онда үміт бар. Данияр Қайыртайдың сараптамасы.
