Ресейге баратын Қазақстан азаматтары 72 сағат бұрын шекара асатынын ескертуге міндетті емес. Осыған дейін көрші елдің Ішкі істер министрлігі ел аумағына визасыз кіретін мемлекеттердің тұрғындары RuID қосымшасы арқылы тіркеліп, келетіні туралы алдын ала ескертіп, цифрлық профильді толтыруы тиіс, деп хабарлаған еді. Соңғы жаңалықтарға сәйкес, бұл эксперименттік жобаға тіркелу-тіркелмеу келушілердің өз еркінде. «Ал қосымша шетелдіктерге денсаулық сақтандыру, SIM-карта рәсімдеу, жұмысқа рұқсат алу және тұру мерзімін ұзарту сияқты қызметтерді пайдалануға мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Қосымша бірнеше тілде, соның ішінде қазақ тілінде де жұмыс істеп тұр.
Ғазиз Ағыбаев, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы консул-кеңесшісі:
Бүгін Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің өкілдері Ресейдің Ішкі істер министрлігінің көші-қон жөніндегі Бас басқармасының басшылығымен кездесті. Бұл кездесуде Ресей тарапы RuID қосымшасы Қазақстан азаматтары үшін енді қосылғанын айтты. Құзырлы органдар шетел азаматтарының бұл қосымшада алдын ала тіркелуі міндетті емес екенін, бірақ болашақта талаптар өзгеруі мүмкін екенін атап өтті.
Индира Бегайдар
