АҚШ президенті Иранды бомбалауға пәрмен берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ президенті Иранды бомбалауға пәрмен берді

22.06.2025

Әлемдік күн тәртібіне Израиль – Иран соғысы шықты. Осы күнге дейін бұлғақтап келген АҚШ президенті ақыры Иранды бомбалауға пәрмен берді.

Аптаның екінші жартысында The Wall Street Journal басылымы бірнеше дереккөзге сүйеніп Д.Трамп Израильдің Иранға шабуылына АҚШ-тың қосылу жоспарын мақұлдағанын хабарлаған еді. Bloomberg агенттігі де АҚШ жақын күндері, бәлкім демалыста Иранға соққы жасауға дайындалып жатыр деп жазды.

Ал АҚШ президенті Дональд Трамп журналистерге «Жасауым мүмкін, жасамауым да мүмкін. Айтқым келгені, менің не жасайтынымды ешкім білмейді» деген. Сөйтіп түнде АҚШ Иранның ірі үш ядролық нысанын бомбалады. Екі сағаттан соң осыны «керемет жетістік» деп бағалап, халқына үндеу жасаған Дональд Трамп «Иран бейбіт келісім жасауы керек әйтпесе ауқымды трагедия болады» деп мәлімдеді. Шабуыл жасаған Фордо, Натанз және Исфахандағы ядролық нысандарды толық жойылды деп айтты. Алайда Иран ақпарат құралдары Фордо жер астында 90 метр тереңдікте жатыр және Америка авиациясының соққысына төзімді деп жазды. Иранның атом энергиясы жөніндегі агенттігі АҚШ-тың ядролық нысандарға соққысынан кейін уран байытуды доғармайтынын мәлімдеді.

Д.Трамп үшін Нобель сыйлығын алудың кезекті мүмкіндігі туды дейді сарапшылар. Ресейдің соғысын тоқтата алмаған соң, ушығып кеткен Израиль - Иран қақтығысына кірісіп кетті. Израильмен бірігіп Иран билігінің күл-талқанын шығарып көруге тырысуы мүмкін. Немесе Иранды ядролық қару жасау жоспарынан бас тартуға мәжбүрлеп, конфликтіні ұзақ уақытқа қатырып қоюы да мүмкін. Екі жағдайда да «жеңімпаз» болып шығады. Бұл президенттің болмысын қарапайым адамға дейін түсініп қалды – өзін Мессия, мәсіх санайтын саясаткер үшін тарихи сәт...

Ирандағы 1979 жылғы төңкеріске дейін одақтас болған Израиль мен Иран қазір бір-бірі үшін бітіспес жау. Изоляцияда өмір сүріп жатқан Иран халқының шаршағаны анық. Бірақ басым көбі бұл соғысты азаттықпен байланыстырмайтыны тағы шындық. Айналып келгенде зардап шегетін қашан да қарапайым адамдар - халық.

Өткенде ғана Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағын» алған атақты иран режиссері Джафар Панахи әлеуметтік желіге шыққан жазбасында Израильді айыптайды, әскери агрессор ретінде халықаралық сотта жауапқа тартылуы керек деп есептейді. Дегенмен бұл «Иран билігінің 40 жылдан астам уақытқа созылған тиімсіз басқаруын, коррупцияны, халықты басып-жаныштауын, өктемдігі мен біліксіздігін жоққа шығару емес» деген. Панахи қуғынға ұшыраған, түрмеге отырғызылған, елден қуылған бірақ қайтпайтын қайсар тұлға. Мықты суреткер.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Иранға жасаған соққысына қатысты мәлімдеме жариялады. «Қазақстан Каспий маңы елдерінің тобына кіреді және Иранмен түрлі салалардағы ынтымақтастықты дамытып жатыр. Мемлекетіміз барлық келіспеушіліктерді, оның ішінде ядролық мәселелерді БҰҰ Жарғысы негізінде келіссөздер жүргізу арқылы шешу қажет деп санайды» деген. Тараптарды тезірек ымыраға келуге үндеген.

Данияр Қайыртайдың сараптамасы.


Хабарламаларға жазылу