Сенат бүгін Конституцияның 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заңды мақұлдады. Құжатқа сәйкес 662 адам түрмеден шығады. Сондай-ақ артық жүріс-тұрысына шектеу қойылып, қатаң қадағалауда жүрген 3,5 мың азамат жазадан босатылады. Шамамен 11 мың қылмыскердің темір тордағы мерзімі қысқартылмақ. Осылайша биылғы амнистияға барлығы 15 мың адам ілінеді. Кезекті жеңілдіктің терроризм, экстремизм, азаптау және жемқорлық баптары бойынша сотталғандарға қатысы жоқ.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Егер ол мемлекеттік қызметтің қатысуынсыз, бюджеттің қарауының қатысуынсыз жай бір жеке компанияларда, мемлекеттік емес мекемелерде болуы мүмкін ғой. Оларға қатысты әрине рақымшылық қолданылады. Тек ол жерде міндетті түрде қойылатын талап - келтірілген материалдық шығынды толықтай өндіру, қайтару.
Елімізде 40 мыңнан астам адам түрмеде отыр
Қазіргі таңда елімізде 40 мыңнан астам адам қамауда отыр. Мәселен, Астанадан 70 шақырым жердегі Аршалыдағы қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде 429 азамат жазасын өтеп жатыр. Абақтыдағылардың тең жартысы жұмыспен қамтылған. Мұнда наубайхана, тігін тігу және әртүрлі қағазды өңдеу цехы бар. Сотталғандар жүйелі жұмыс істеп, үлгілі тәртіп көрсетсе, мерзімінен ерте босап шығуы мүмкін.
Әсет Молдахметов, №2 қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесі тәрбиелік және әлеуметтік психологиялық бөлімінің бастығы:
Мекеме қызметкерлерімен әртүрлі іс шара жүргізіледі. Дәрістер, әртүрлі іс-шара, сол іс-шаралардың нәтижесінде әртүрлі көтермелі іс шара қолданылады. Сол көтермелі іс-шаралардың нәтижесінде мерзімнен бұрын шығу есепке алынады. Мысалы, 2024 жылы шартты түрде мерзімнен бұрын 70 соттталған босап, үйіне ерте оралды.
Ернұр Медет
