Бүгін Астанада «Орталық Азия - Қытай» ІІ саммиті өтеді. Оған 5 мемлекеттің, яғни Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстанның басшылары мен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин қатысады.
Орталық Азия басшылары мен Қытай Төрағасы ықпалдастық мәселелерін талқыға салады. Еске салайық, бірінші саммит екі жыл бұрын Қытайдың Сиань қаласында өткен болатын.
Бүгінгі маңызды шараға байланысты Астанада бірнеше көшеде қозғалыс уақытша шектеледі. Мәңгілік Ел даңғылынан бастап Шерхан Мұртаза көшесіне дейін, Тәуелсіздік даңғылы, Керей-Жәнібек хандар көшесінен Ахмет Байтұрсынұлы көшесіне дейін. Сондай-ақ сағат 14:00-ден 20:30-ға дейін Бейбітшілік және келісім сарайы маңындағы көшелерде де қозғалыс уақытша тоқтайды. Астана қаласының әкімдігі тұрғындарға түсіністік танытып, бағытты алдын ала жоспарлауды еске салады.
Самал Қабышева
