Әке – отбасын асыраушы ғана емес, ол ұрпағының тәрбиесіне көңіл бөлуі қажет. Ақтаулық тұрғын Аллаберген Қонарбаев осылай дейді. Көп балалы әке бос уақытын балаларына арнап, ұл-қызының жеке тұлға болып өсуіне күш салып келеді. Ал жаңаөзендік Нұрсұлтан Мыңжас жалғыз қалған қарт ананы қамқорлығына алып, балаларына үлгі болды.
Нұрсұлтан Мыңжас Түрікменстанда жалғыз ілікті кейуананы Жаңаөзенге көшіріп әкеліп, екінші анасындай мәпелеп отыр. Ол қарт ананың құжаттарын жинап, зейнетақы алуға көмектескен. Мейірімді азаматтың өз ата-анасымен қоса, жұбайы, үш баласы бар.
Нұрсұлтан Мыңжас, Жаңаөзен тұрғыны:
Бізге енді тастамаң дегесін, өзіміздің қазағымыз болған соң, жүрек нашар болған соң өзімізбен бірге Қазақстанға алып қайттық. Өзімнің анам сияқты көремін. Қасымда. Бала-шағамызбен арамызда күліп-ойнап жүр.
Отбасым менің бақытым,Отбасым менің байлығым.Жан жарым менің жақұтым,Бала-шағам ай күнім,Мен әкемін, мейірімді жүректі.
Ал ақтаулық ақын, көп балалы әке Аллаберген Қонарбаев ұрпақ тәрбиесін анаға артып қою дұрыс емес, дейді. Себебі отбасында әкенің орны бөлек. Ер азамат шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеріп, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам деп есептейді ол.
Аллаберген Қонарбаев, Ақтау тұрғыны:
Баланың тәрбиесіне әйел адам, ана ғана араласу міндетті емес. Әке де араласуы керек. Біз табыс тауып қана қоймай, тәрбиеге де араласуымыз керек. Әр балама ерекше мән беремін. Олардың қабілетіне қарай, шығармашылығына қарай, тұлға болып қалыптасуына өзімше еңбек етіп келе жатырмын.
Ақын бос уақытын отбасымен өткізеді. Ұл-қыздарын музейге, кітапханаға апарады. Шығармашылық үйірмелерге қатыстырып, ұлттық құндылықтар үйретіп жүр.
Аягөз Оралбайқызы
