Түрістан облысында жерасты суы төмендеп барады. Мәселен, Қазығұрт ауданында халықты орталықтандырылған ауызсумен қамтып отырған кейбір ұңғымаларда су тартылып кеткен. Ұңғымалардан су шықпай қалу жағдайлары Сарыағаш, Келес, Бәйдібек аудандарында тіркеліп отыр. Яғни, миллиондар жұмсалған ұңғымалар кәдеге аспай қалған. Тұрғындар ауызсуды тасып ішуге мәжбүр. Ал кәдімгі құдықтармен күнелтіп отырғандар жерасты су қорының азайып бара жатқанын айтады.
Бақытжан Әділбеков, Алғабас ауылының тұрғыны:
Жаз болса, мынау құрғақшылық боп, су тартылып кетеді. Кейде су болмай қалады. Бір-екі шелектен кейін құдықтан щықпайды. Сорғы да сормай қалады.
Мамандар әзірге жерасты суының төмендегенін құрғақшылықпен байланыстырып отыр. Оның үстіне жауын-шашынның аз болуы себеп болуы мүмкін дейді. Сондықтан нақты шараларға көшіп, Үкіметке ұсыныс енгізбек.
Мұрат Әубәкірұлы, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
Бірқатар елдімекенде су ұңғымаларының дебиті азайып жатыр. Себебі жауын-шашын аз болуына байланысты судың деңгейі өте төмендеп, қажетті көлемде жеткізу қиындық туғызуда. Осыған орай біз тиісті гидролог мамандарды арнайы бекітіп, ұңғымаға зерттеу жұмыстарын жүргіземіз.
Айнұр Әбілқасымқызы
