Құрбан айт мерекесіне орай Президенттің атына құттықтау жеделхаттары келіп жатыр. Шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері ізгі тілегін жолдауда. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жолдаған жеделхатта сан ғасырлық тығыз достық пен тату көршілік байланыстар мүлде жаңа одақтастық деңгейіне көтерілгенін айрықша атап өткен.
Шавкат Мирзиёев, Өзбекстан Республикасының президенті:
Соңғы жылдары біздің батыл саяси ерік-жігеріміздің арқасында, халықтар арасындағы сан ғасырлық тығыз достық пен тату көршілік байланыстар жаңа одақтастық деңгейіне көтерілгенін айрықша атап өткім келеді.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Құрбан айт адамдардың бойындағы мейірімділік, рақымшылық, төзімділік пен қайырымдылық секілді асыл қасиеттерді жан-жақты танытатын ерекше мейрам екенін айтқан.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:
Бұл мереке бауырлас халықтарымызға бейбітшілік сыйлап, бақ-береке дарытып, қырғыз-қазақ стратегиялық серіктестігі мен өзара тиімді ынтымақтастығының белсенді дамуына ықпал ете беретініне сенімдімін.
Сондай-ақ Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, БАӘ, Мысыр, Палестина сынды көптеген елдердің Президенттері мен Дубай Әміршісі, тағы басқа халықаралық ұйымдардың жетекшілері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттарын жолдап, барша қазақ халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтап ізгі тілектерін жолдауда. Құттықтау хаттары мен жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатыр.
Самал Қабышева
