1 маусымнан бастап балаларға арналған үйірмелерді реттейтін бірыңғай ваучер жүйесінің пилоттық жобасы іске қосылады. Ал бұған дейін қызмет көрсеткен, «Даму», «Дара, «Арт спорт» сынды платформалар қалай жұмыс істейді? Балалар қайтадан кезекке тұрып, тіркеуден өте ме? Жаңа жүйені Самал Қабышева жіліктеп тарқатады.
Балалардың тегін үйірмесіне арналған бірыңғай ваучер жүйесі іске қосылады деген ақпараттың шыққаны сол еді, ата-анадан да, үйірме өткізетін кәсіпкерлерден де маза қашты. Түкке түсінбегендердің сұрағы көп.
Жаңа жүйе іске қосылса, үйірме өкілдері де қайтадан тіркеуден өтеміз бе деп алаңдаулы. Жұмыс тоқтап, нәпәқамыздан қағыламыз деп спорт министрлігіне шағымдарын жолдапты.
Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
Қазіргі кезде осы жаңадан алынып жатқан біріңғай ваучерлік жүйе бойынша көптеген шағымдар келіп жатыр. 2000-ға жуық шағым тіркелді. Қазіргі уақытта бұл жоба болғандықтан, ешқандай кәсіпкердің жұмысы тоқтамайды. Бұрынғыша қалай жұмыс істеді, солай істей береді.
Бұл пилоттық жоба. Бастама әзірге Астана, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында жүзеге асады. Ал жаңа жүйенің артықшылығы көп дейді, мамандар.
Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі:
Бала мына секцияға 2 күн барып, ұнамаса, өз қаражаты жеке әмиянында болады. Екінші секцияға оп-оңай өте алады. Ал бұрын бір секция ұнамаса, қайтадан кезекке тұру керек болатын. Қазір ондай жүйені алып тастады. Яғни ата-аналарға өте қолайлы.
Үйірмеге бармаған баланы барды деп көрсетіп, алаяқтық жолмен ақша табатындармен де күрес күшеймек. Енді үйірмеге қатысушылардың өзінің жеке QR коды болады. Сондай-ақ Face ID ді қосу жоспарда бар.
Гүлзейнеп Пазылова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет комитеті төрағасының орынбасары:
Бұл жүйе орталықтандырылған. Яғни «Арт спорт», «Даму бала», «Дара бала» барлығы бір жүйеде, ақпараттық жүйе «Қазақтелеком» АҚ-ның мамандарымен пысықталуда. Бірақ осыған дейін жүйеде болған ваучерлер сол күйі қалады. Тек қана оларға берілетін талаптарда түзетулер болуы мүмкін.
Самал Қабышева, тілші:
Министрлік өкілдері ата-анаға да, балаға да, үйірме өкілдеріне алаңдауға негіз жоқ деді. Себебі, орталықтандырылған бірыңғай жүйе барлық тарап үшін тиімді деп отыр. Бұрыңғыдай бала үйірмеге бару үшін бірнеше платформаға кезекке тұрмайды. Барлығы бір жүйеде болады. Ал бірінші маусымнан бастап іске қосылған тегін үйірмелерге арналған бірыңғай ваучер жүйесінің қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетеді.
Самал Қабышева
