Эмоция төгіліп тұрған көрініс. Әлеуметтік желіде осы видео кеңінен тарап, шымылдықтың артында билеп тұрған қарияға көрермен таңданып, қошемет білдіріп, ізгі лебіздерін жазып жатыр. Бұл - 76 жастағы Ерсін Жүсіпов. Астананың іргесіндегі Қоянды елді мекенінде тұратын зейнеткер балаларға биден сабақ береді екен.
Ерсін Жүсіпов, хореограф:
Ата-аналар маған «баламды сізге берейін» деп хабарласады. «Әкеліңіз» деймін. Кейін олар биден кім сабақ береді деп сұрайды. «Менмін» десем, ата-ана тоқтап қалады. Үндемей тұрады да, «сіз сабақ бересіз бе биден, сіз еркек адам емессіз бе?» дейді. Мен «иә» деп күлем.
Бірақ қазір үйірмеде бала көп. Ата-аналар Ерсін Жүсіповтың білікті маман, ұлағатты ұстаз екенін түсінді. Қария үшін би – тәннің ғана емес, жанның да жаттығуы. Би арқылы бала тәрбиелеу - сарқылмас күштің көзі.
Кәусар, оқушы:
Биге қатысқаныма 1 жыл болды. Менің атым - Кәусар. Ағай бізге ұрыспайды, ол кісі біздің атамыздай. Мен «ежики», «шашу», «самғау», «сарбаздар» биін білемін.
Кейіпкердің меңгерген мамандығы - мұғалім. Химия-билогия пәнінен сабақ беруі керек еді. Бірақ ол жүрек қалауын тыңдады, өнерді таңдады. 50 жылдан аса балаларды биге баулып келеді. Төрт ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Кенже ұлы әке жолын қуған биші. 30-дан аса шәкірті кәсіби түрде би өнерімен айналысып жүр.
Ерсін Жүсіпов, хореограф, зейнеткер:
Шаршап тұрсам да балалардың көздерін көрген кезде, олардың маған деген сенімін көргенде, көздерінен от шығып тұрған кезде бәрін ұмытып кетемін. Мысалы, мен 76 жастамын, менің қатарымның көбі әрең жүр. Ал менің осылай жүргенім бидің арқасы.
Стив Джобс «Өзгенің пікіріне қарап өмір сүрсең, өз тағдырыңнан адасып қаласың» деген екен. Рас, адам жүректің қалауын тыңдап, сол жолдан таймаса ғана – шын мәнінде еркін. Тап солай, кейіпкерміз үшін би – өнердің бір түрі ғана емес, бұл оның - тілі, тынысы, тұтас тағдыры. Ол билеу үшін немесе биді үйрету үшін музыка да керек емес шығар. Жүрек дүрсілі де жетеді.
Азамат Бейбітұлы
