Семейде ірі ет комбинаты салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейде ірі ет комбинаты салынады

15.05.2025

Абай облысында ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Бүгін нысанның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі мен «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшылары қатысты. Болашақта Еуропаның озық технологиясымен жұмыс істейтін өндіріс мал өнімдерін қалдықсыз өңдейтін болады. Ірі қара, қой және жылқы етінен сапалы шұжық, консервілер, жартылай фабрикаттар мен ет деликатестері дайындалады. Бір ауысымда 35 тонна ет өңделеді. Кәсіпорын тері-былғары саласына қажетті шикізат та жасайды. «Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы 7,7 млрд теңге. Комбинат іске қосылғанда 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жоба бойынша 7 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы дайындалған. Қазір 10 мың бас ірі қараға арналған алаң салу үшін жобалау жұмыстары жүріп жатыр. Кешен 2026 жылы тамызда іске қосу жоспарланған.

Қайрат Иманғажынов, бас инженер-технолог:

Технологияда біздің таңдаған аспаптарымыздың барлығы Еуропаныкі. Өндіріске кіргізген кезде, бүкіл дүниежүзілік сертификаттарды бәрін аламыз. Еуропаның, Қытайдың, Араб елдеріне экспорттай аламыз. Сол мақсатпен осы аспаптарды таңдадық. Осы технологияны таңдадық.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Президентіміз, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің форумында былтыр айтқан болатын. «Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет деп. Со себепті бұл кешен өндірістік қана емес, мал шаруашылығын жүйелі дамытудың, бордақылау алаңдарын кеңейтудің, жаңа жұмыс орындарын ашуды, және елді мекендердің әлеуетін арттырудың нақты, жарқын үлгісі деп айта аламыз.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу