Қазақстанда әрбір алтыншы оқушының психикалық денсаулығы сыр берген. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы жүргізген соңғы зерттеуге сәйкес, олардың 18 пайызы қатарластарынан озбырлық көрген. Балалардың бойында қатыгездік қайдан пайда болады? Елімізде әлімжеттіктің алдын алу үшін қандай қадамдар жасалып жатыр?
Елімізде «буллинг» сөзі заңнамаға осыдан екі жыл бұрын ғана енді. Дегенмен, нақты қанша бала озбырлыққа ұшырайтынын дөп басып айту қиын. Былтыр Бас прокуратураның арнайы телеграм ботына 2 мыңдай оқушы сыныптастарынан қағажу көргенін айтып, құпия түрде хат жіберген. Ал Юнеско жүргізген зерттеулерде Қазақстанда әрбір бесінші баланың қатарластарымен тіл табыса алмайтыны айтылған. Бұған не себеп? Баланың ішкі күйіне жеткілікті назар аудармай жүрміз бе?
Расымен, телефонға телмірген бала әлеуметтік желіден көргенін айна-қатесіз қайталап, өзін виртуалды әлемдегі кейіпкер сезінеді. Психологтар да балалардың әлімжеттікке құмарлығы осыдан болуы мүмкін деп түсіріндеді. Десе де, бұл тентектер тезге салынбайды деген сөз емес.
Жадыра Ахтанова, балалар психологі:
Балаларға жеткізіп айту керек. Тәрбиеленбейтін бала болмайды. Көп ата-ана мен махаббаты беріп жатырмын балаға дейді де, бірақ түсіндіріп сөйлеспейді. Сен менің жалғыз баламсың деп мен сен үшін бәрін істеймін деген ол балаға деген махаббат емес, ол баланы қатыгездікке тәрбиелеу.
Иә, бала болған соң төбелеседі деп мәселеге бейжай қарайтындар да бар. Сондықтан мамандар ең алдымен, буллингке қарсы мәдениет қалыптастыру керек дейді. Ұстаздардың сөзінше, балалар өздеріне әлімжеттік жасалатынын білдіруге қорыққанымен, соны көріп жүрген сыныптастары мұны әділетсіз деп санап, сауалнама кезінде бәрін айтып береді екен. Жуырда мектептерге орнатылған QR-кодта баланың күйзелісте жүргенін дер кезінде анықтауға көмек береді.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Енді оқушылар қандай да бір қысымға, не буллингке ұшыраса, бұрынғыдай сенім телефонына хабарласпай-ақ, болған жайды онлайн жазып жібере алады. Осындай «111» QR-коды іске қосылғалы оқушылардан мың хат түскен. Баланың аты-жөні, қай мектепте оқитыны құпия сақталады. Хатты психолог не заңгер оқып, тиісті көмек көрсетеді.
Әлімжеттік көбіне мектептің дәретханасында, таса жерлерде болады. Сондықтан, бала қиын жағдайға ұшырап, дереу көмекке жүгіне алуы үшін мұндай QR-кодтар әр білім ошағының осындай жерлеріне 24 дана орнатылған.
Жанел Өтеулі
