184 млрд теңге көлемінде 138 жоба іске асырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

184 млрд теңге көлемінде 138 жоба іске асырылады

12.05.2025

Елімізде келесі жылы су шаруашылығы бағытында 184 млрд теңге көлемінде 138 жобаны іске асырылмақ. Бұл туралы сала министрі Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндады. Биыл бюджет қаражаты мен халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты есебінен 6 мыңнан астам шақырым канал қайта жаңғыртылып жатыр. Оның 1000 шақырымы келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, су саласындағы мамандардың жалақысы өсетіні белгілі болды. Қашан және қанша пайызға? 

Жыл өткен сайын халық саны да, экономикамыз да өсіп келеді. Сол себепті де 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін. Оның үстіне біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Сондықтан су саясаты – старатегиялық маңызы бар сала. Мәжілістегі Үкімет сағатына келген министрге сұрақ қою үшін 42 депутат кезекке тіркелді. Басым бөлігі сынап жатыр.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Бүгінгі күні заң негізінде барлық құжатты қабылдадық. Одан бөлек, министрлік құрдық, жаңа комитет аштық. Сондықтан өзімізге алған дүние өте ауыр. Өздеріңіз білесіздер 30 жылдан астам осы салада былайша айтқанда қарқынды жұмыс атқарылған жоқ. Әрине, уақыт өте аз. Бірақ айтып отырмын ғой. Бүгінде негізі қаланды, қаржы бөлінді жұмыс жүріп жатыр.

Қысқа мерзімде Су кодексі қабылданды, 2030 жылға дейін тұжырымдама мен кешенді жоспар түзілді. Көршілес елдермен трансшекаралық өзен-көлдерге қатысты мәміле жасалып жатыр. Мысалға, Каспий теңізіндегі судың 80 пайыздан астамы Еділ өзені қамтамасыз етеді, алайда кейінгі жылдары Еділден келетін су көлемі күрт қысқарды. Мұндағы негізгі мәселе - Еділ ресми түрде Қазақстан мен Ресей арасындағы трансшекаралық өзендер тізіміне кірмейді. Дегенмен, министрлік тарапынан оң шешім қарастырылып жатыр.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:

Бұл мәселені 5 мемлекет бірлесіп, шешу керек деп ойлаймын. Осы мәселені зерттеу мақсатында арнайы Каспий институтын зерттеу институты құрылды. Ол Ақтауда орналасқан. Сол институт арқылы зерттеп, қандай іс-шара жасайтынымызды белгілейтін боламыз.

Суды пайдалану бойынша жаңа тариф енгізіледі

«Аз тұтынсаң – аз төлейсің». Ауыз суға қатысты осы бір қағидаға негізделген тарифтер жүйесі енгізілген еді. Біртіндеп оң нәтиже беріп жатыр. Енді суармалы суды пайдалану бойынша жаңа тарифтік әдістеме әзірленіп жатыр. Ал депутаттар салаға серпін беру үшін, әуелі мамандардың мәртебесін ойлау керек дейді.

Ерболат Саурықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біздің кадрларымыздың бәрі қартайған. Ол кезіндегі үлкен университеттен бір-ақ факультет қалды. Біз елімізде су саласын дұрыстайтын болсақ, ең бірінші су шаруашылығы мамандарының мәртебесін көтеретін заң қабылдауымыз керек.

Су саласы мамандарының жалақысы өседі

Су шаруашылығы саласы мамандарының жалақысы қосымша 50 пайызға көтеріледі, - деді министр. Қалай дегенмен «Болашақта су мұнайдан қымбат болады» деген болжам уақыт өткен сайын шындыққа жанасып келеді. Тамшының тырсылында – дабылдың дүрлісі бар. Сондықтан Президент айтқандай суды үнемдеу мәдениетімен қатар технологиясын да енгізу қажет.

Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу