Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов оқ жарақатынан жазылып, ауруханадан шыққанын мәлімдеді. Бұл ақпаратты ол әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Жазбада «Бұл оқыс оқиға маған да, менің отбасым мен жақындарыма да ауыр тигені анық. Мұны сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Сынаққа толы болған осы уақыт аралығында көптеген адамдардың, әріптестерімнің, таныстарымның қолдауын сезіндім. Түскен қоңыраулар, хабарламалар, әлеуметтік желідегі тілеулес жазбалар көңіліме демеу болғанын айтқым келеді»,-делінген.
Руслан Берденов осыдан 25 күн бұрын әкімдік ғимараты алдында жарақат алған еді. Желіде ол еліміздің медицинасы мейлінше жетілгенін және шетелдік клиникалардан еш қалыспайтынын айтып, дәрігерлерге ризашылығын білдірді.
Ғани Қалмахан
