Түркістан облысындағы жол құрылысы үшін асфальт бетон дайындайтын зауыттардың басым бөлігінің жұмысы талапқа сай келмейді. Тексеріс барысында олардың 24-де өнім сапасын айғақтайтын құжаттардың түгел еместігі анықталды. Асфальт пен бетон өндірісіне қажетті материалдарға кіріс бақылау жүргізілмеген. Сондай-ақ кейібірі экологиялық қауіпсіздік талаптарына байланысты құжат рәсімдемеген. Тіпті көпшілігінің базасында шикізатты тексеретін зертханалары да жоқ.
Шымкент қаласында да осыған ұқсас жағдай. Осы кезге дейін жұмыс істеп келген 13 асфальт-бетон зауытының 13-і жол құрылысына қажетті өнім шығаруға дайын емес. Басты кемшіліктің бірі асфальт-бетон құрамына қосылатын қоспалардың нақты рецептурасы жоқ. Бұл тікелей жол сапасына әсер ететін жәйт. Биыл мегаполисте 41 көшеге орта және 11 жолға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Анықталған кемшіліктер жол құрылысына тапсырыс беретін органдарға жолданды.
Ермек Намазов, «Жол активтері Ұлттық сапа орталығы» РМК» Шымкент қалалық филиалының зертхана меңгерушісі:
Талапқа жауап бермеген 13 зауыт қашан талапқа жауап бергенге дейін Шымкент қаласына асфальт-бетон қоспасын тасымалдау жүргізілмейді. Жол төсеу маусымы басталғанға дейін құрамын анқытау, экологиялық құжаттар, сол сияқты нәрселердің бәрін реттеу керек.
Ғани Қалмаханов
