Түркістан облысында Жұмысшы мамандықтар жылына орай жүргізіліп жатқан кәсіптік бағдар беру ісі жемісін бере бастады. Білікті мамандардың тәжірибесімен және олардың атқарып жатқан жұмыстарымен танысқан мектеп оқушыларының 19-ы жол құрылысы мамандығын таңдады.
Зертханадағы экскурсиядан соң Нұрдәулет болашағына нақты бағдар түзіп, қандай мамандық иесі болатынын айқындап алды. Физика мен математикаға жүйрік оқушы инженерлікті игерсем деп армандайтын. Көріп, көкейге ой түйген соң жол құрылысының маманы болуға бекінді. Нұрдәулет мектеп бітіргеннен соң жанындағы сыныптастарымен оқуын бірге жалғастыратын болды.
Нұрдәулет Иманбай, 11-сынып оқушысы:
Жол салмай тұрып битум, гравилердің әртүрлі сараптамадан өтететін білдім. Жол құрылысы мамандығына ешқандай қызығушылығым жоқ еді. Зертханаға келіп, экскурсиядан кейін қызығушылығым артып отыр. Осы мамандыққа түсетін мақсатым бар.
Бақдәулет Анарбек, 11-сынып оқушысы:
Экскурсия өте қызықты өтті. Бұл жерде істейтіндер өз ісінің мамандары. Бәрін біледі. Біраз баланың қызығушылығы ашылды деп ойлаймын
Түркістан облысында 1 мыңнан астам орта мектеп бар. Ұлттық сапа орталығының филиалы соңғы 5 жылда соның тең жартысымен байланыс орнатып, кәсіптік бағдар беру шараларын өткізіп келеді. Өйткені бүгінде еліміздегі жол құрылысы саласында ондаған мың маман жетіспейді. Инженерден бастап шеберге дейінгі білікті кадрлар тапшы.
Ержан Бақтыбайұлы, инженер:
Біріншіден, ақпарат жетіспеушілігі. Екіншіден, жастар бұл саланы қиын деп ойлайды. Негізі қиын ешнәрсесі жоқ. Құрылыс басындағы қиындықтар нысан аяқталғанда, халықтың рақметін естігенде ұмтылып кетеді.
Саладағы кадр жетіспеушілігін жою мақсатында былтырдан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарында «Көлік құрылысы» мамандығы жеке дара факультет болып құрылды. Оған жылда 700-ден астам оқу гранты бөлінеді.
Ғани Қалмаханов
