Шымкенттік азамат 5 вагонды сүйреп, рекорд жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттік азамат 5 вагонды сүйреп, рекорд жасады

05.05.2025

Шымкент қаласының тұрғыны Артық Досалиев салмағы 120 тонна болатын 5 вагонды жалғыз өзі сүйреп, Қазақстан рекордын жаңартты.

52 жастағы спортшы мұндай тәуекелге бір жыл бойы дайындалған. Ол шойын жолдағы вагондарды демалмастан 21 метр 40 сантиметр жерге дейін жылжытты. Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі алдымен рельстердің көлбеулігін, сүйрететін жүктің салмағын жіті тексеріп, арақашықтықы өлшеп растады. Артық Досалиев пауэрлифтингпен үш жылдан бері айналысып келеді. Спорттың осы түрінен 5 рет Әлем чемпионы, 2 дүркін Еуропа және 8 дүркін Азия жүлдегері атанған. Ол бүгінгі жетістігін Жеңістің 80 жылдығына және ел Тәуелсіздігі жолында жанын қиған батырлар мен ұлы тұлғалардың ұлы істеріне арнады.

Артық Досалиев, пауэрлифтингтен Әлем чемпионы:

Бұл менің соңғы рекордым емес. Ендігі жылы Жеңіс қарсаңында 6-7, 20 вагонға дейін сүйреуге ниеттеніп отырмын. Алдымызда тағы да  «Бойнгтар» сүйрейміз, Ақтауға барып, танкер сүйрейміз.

Бақытжан Тастүлеков, Қазақстан рекордтар кітабының ресми өкілі:

Әлем рекорды болатынын, болмайтынын оны ешкім білмейді. Неге десеңіз, ол үшін ақпаратты көру керек. Мүмкін  осындай рекорд болған шығар. Оны  зерттеп көрген жоқпыз. Ал енді бұл - Қазақстанның жаңа рекорды.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу