Шымкентте жүргізуші куәлігін сатқан 12 лауазым иесі қамалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте жүргізуші куәлігін сатқан 12 лауазым иесі қамалды

02.05.2025

Шымкент қаласында жүргізуші куәлігін заңсыз түрде рәсімдеп, пайда тауып келген қылмыстық топтың әрекеті әшкере болды. Қаржылық мониторинг департаменті мен прокуратура мамандары мегаполистегі 2 мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығы және бірқатар лауазымды тұлғаларының теориялық және практикалық емтихандардан өтпей-ақ азаматтарға құжат беру схемасын ұйымдастырғанын анықтады. Олар осындай қызметі үшін екі жыл бойы әр адамнан 150 мыңнан бастап 400 мың теңгеге дейін сыйақы алып келген. Осылайша аймақта 500-ден астам азамат сынақ тапсырмастан жүргізуші куәлігін ақшаға сатып алған. Қылмыстық іс бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

Қазіргі таңда тергеу аясында 200 млн теңгеден астам сомаға бағаланған күдіктілердің мүлкіне 2 жеке үй, 2 пәтер, 2 жер телімі және 10 автокөлікке тәркілеу мақсатында тыйым салынды. Соттың санкциясымен 12 күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Ғани Қалмахан

Хабарламаларға жазылу