Петропавлда Заречный ықшам ауданында орналасқан саяжай үйлерін су басты. Бұл үйлер тұрғындардың жалғыз баспанасы деп танылған. Халық қауіпсіз жерге көшірілді. Кетуге үйлерін қимай жүргендер де баршылық. Дегенмен, 260 отбасын қалада салынып жатқан үйлерге көшіріп, шағын ауданды жабу жоспарланған болатын. Өйткені өзен жағасында орналасқан елдімекенді жыл сайын су басады. «Қазгидромет» мамандарының айтуынша облыс орталығында су деңгейі бір қалыпта тұр. Ал Қызылжар ауданында орналасқан Большая малышка ауданында керісінше, көтерілгені байқалады. Қазір елдімекенде эвакуация жүріп жатыр. Судан қорғану үшін қазір әскерилер үйіндіні биіктетіп, бекітуде. Төтенше жағдай қызметі, полиция, әкімдік өкілдері күндіз-түні қауіпті аймақта жұмыс істеп жатыр.
Эльмира Кәленова
