Ал Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарына үскірік жүруі мүмкін.
Синоптиктер болжамынша, ауа температурасы 1-3 градусқа дейін төмендейді. Солтүстік облыстарда ауа райы ашық болса, батыста жаңбыр жауып, күн күркіреуі ықтимал. Ал оңтүстікте жел күшейіп, шаңды дауыл соғуы мүмкін.
Бүгін Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылы су құрсауында қалды. Елдімекенге апаратын жалғыз жолды су басты. Қауіпті аймақта блок бекет қойылып, полиция тәулік бойы кезекшілік атқаруға кірісті. Әзірге көлік қозғалысы тоқтаған жоқ. Тұрғындарды төтенше жағдай қызметінің арнайы техникасы тасымалдайды.
Нұрмағамбет Шериязданов, ауыл тұрғыны:
92-ші жылдан бері осында тұрып жатырмын. Дәл осындай ғана басатын. Әркім машинамен өтіп жүретін. Қазір халықты қинамай көмектесіп жатыр.
Прибрежное ауылында 1500-ден астам адам тұрады. Басым бөлігі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, үйлерді су басу қаупі төніп тұрған жоқ.
Сақтаған Сәдуақасов, Қызылжар ауданының әкімі:
Былтыр Прибрежное ауылымыз 40 пайызға суға кеткенін растаймыз. Бізде қыста үлкен шараларды өткізіп, бөгеттерді салып, үлкен дамбаны салып, енді қазіргі таңда ешқандай қауіп жоқ.
Эльмира Кәленова
