Абай облысында жол құрылысы маусымы ресми түрде ашылды. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өңірде биыл 834 шақырым жолға асфальт төсейді. Ол үшін бюджеттен 107 миллиард теңге бөлінген. Солардың арасында халықаралық маңызы бар «Қалбатау-Майқапшағай» автожолының құрылысына да басымдық берілмек. Мамандар жыл соңына дейін бұл бағыттағы трассаны толық ашуды жоспарлап отыр.
«Қалбатау-Майқапшағай» халықаралық тас жолын жаңғырту 2019 жылы басталған. Әрісі Қытаймен байланыстыратын, оған қоса өңірдегі бірнеше аудан халқы қатынайтын күре жол. Тозығы жеткен трассаның қолданысқа берілуін тұрғындар талай жылдан бері тосып жүр. Сондықтан «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» жыл соңына дейін халықарлық дәлізді толық ашамыз-дейді.
Дархан Иманашев «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Құбыр жұмыстар, көпір жұмыстары аяқталды. Жоғарғы төсем 179 шақырым қалды. Биылғы жоспарымыз бойынша қозғалысты толық ашамыз. Барлық сұрақтар шешілді. Арнайы материалдар, арнайы техника. Қызметкерлер толық дайын. Қаражат мәселесі де толық шешілді.
Облыс әкімі мамандармен бірге реконструкция басталған аумақты аралады. «Қалбатау-Майқапшағай» бағытында жол жабынын жаңартудан бөлек, 16 көпір құрылып 100-ден астам су өткізу құрылғылары салынады. Жұмыс сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары үнемі қадағалауда.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын жолдың, 184 шақырымы осы біздің Абай облысына тиесілі. Мемлекет басшысы, «Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық әлеуетін арттырады.»-деп атап өткен болатын. Бұл күре жол өңір тұрғындары үшін аса маңызды. Халық бұл жолды көп жылдардан бері күтіп жүр.
Былтыр облыста 250 шақырым жол жөнделген. Биыл 400 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекендердің көшелеріне асфальт төсеу жоспарланған.
Ержан Жақып
