Ерекше қажеттілігі бар балаларға жүйелі түрде көмек көрсету үшін арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленді. Бұл құжат инклюзивті білім берудің сапасы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды айқындап, мамандардың жұмысын реттейді, дейді Оқу-ағарту министрлігі өкілдері. Бұдан бөлек, қызмет көрсететін субъектілерге де нақты талаптар қарастырылған. Енді құжат басқа да мемлекеттік органдардың қарауына жіберлмек. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 235 мыңнан астам бала бар. Оларға 504 білім беру ұйымы қызмет көрсетеді, балалардың 85%-ы арнайы қолдаумен қамтылған.
Жұлдыз Мұқашева, ҚР Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің бас сарапшысы:
Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау командалық бағалау негізінде жүзеге асырылады. Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсететін субьектілер ата-аналарға бағалаудың мақсаты, міндеті, әдістері және қолдаудың болжамды түрлері бойынша ақпарат береді. Бағалау жүргізуге ата-аналардың жазбаша келісімін алу керек және де алынған деректердің құпиялылығына кепілдік береді. Сонымен қатар, пәнаралық командалық бағалауды жүргізеді.
Серік Жұмабек
