Түркістанда сушиден уланған 57 адам ауруханаға түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда сушиден уланған 57 адам ауруханаға түсті

12.03.2025

Түркістанда тапсырыспен фаст-фуд тағамдарын алдырған 57 адам астан уланып қалды. Күні кеше қаладағы «Ямми Маки» дәмханасынан жеткізілген пицца, чикен және сушиді жеген тұрғындардың жағдайы күрт нашарлап, жаппай орталық ауруханаға түскен. Олардың үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылса, өзгелері жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Араларында кәмелет жасына толмаған 28 бала да бар. Оларға бактериялық астан улану диагнозы қойылған. Осы жағдайдан кейін Түркістан қаласының полиция басқармасы аталған дәмхананы мөрлеп, жауып тастады. Адамдардың жаппай улану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Ондағы қызметкерлердің медициналық кітапшалары болмай шықты. Кейбірінде мерзімі өткені анықталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Ал жағдайы біршама жақсарған науқастар үйіне қайтарылды.

Мутабар Шерметова, Түркістан қалалық орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі:

Бүгінгі таңда 22 науқас токсикалық тағамды инфекция диагнозымен емделіп жатыр. Оларға болжамды жағдай қойылған. Барлығының жағдайы қазіргі уақытқа қалыпты. 22 науқас инфекциялық стационардың оқшауланған палаталарында ем алып жатыр.

Айнұр Әбілқасым

Хабарламаларға жазылу