Алматыда «қара риэлторлар» деп аталған атышулы ұйымға қатысты сот процесі аяқталды. Қылмыстық топ жалғызбасты қарт адамдар қайтыс болғаннан кейін мұрагерлері жоқ пәтерлерді тауып, құжаттарды қолдан жасау арқылы басып алып отырған. Барлығы 37 пәтерді заңсыз иемденген.
Ернұр Медет, тілші:
Осы іс бойынша 22 адам айыпталушы деп танылған. Қылмыскерлердің қатарында екі дәрігер, үш нотариус, бұрынғы полиция қызметкерлері, сонымен қатар сот орындаушының көмекшісі, медициналық сарапшылар, екі риэлтор және бірнеше такси жүргізушісі бар. Оларға адамдарды ұрлау, кісі өлтіру және психикалық ауытқуы бар қарттарға зорлық-зомбылық көрсетіп, баспанасынан айыру бойынша айып тағылды. Сот үкімі бойынша күдіктілер 3 жылдан 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Топты 65 жастағы алматылық Ирина Гапарова мен 56 жастағы Өзбекстан азаматы Әшірәлі Болтабоев басқарған. Олар болашақ құрбандарын тауып, тұрғын үйді алдау арқылы тартып алу схемаларын ойлап тапқан.
Ерлан Болатов, қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
Сот Ирина Юсуповна Гаппарованы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы үкім шығарды. Үкімдерді ішінара қосу арқылы 18 жыл бас бостандығынан айырылады. Жазаны өтеу орны орташа түзеу мекемесі болып белгіленсін. Сонымен қатар Болтабоев Әшірәлі Фазылұлы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 17 жыл бас бостандығынан айыру белгіленеді.
Ернұр Медет, тілші:
Еске салайық, ұйымдасқан қылмыстық топ 2017-2023 жылдар аралығында жұмыс істеген. Сот процесі 3 жарым жылға созылды. Ең ауыр жазаны осы ұйымдасқан қылмыстық топтың басында тұрғандар алды. Тергеу барысында жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығын 668 миллион теңге деп бағаланды.
Ернұр Медет
