Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығы ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда БҰҰ-ның өңірлік орталығы ашылады

05.03.2025

Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанды дамыту орталығы ашылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын ұйымға мүше мемлекеттер бірауыздан қолдаған. Енді мегаполис халықаралық іс-қимылды үйлестірудің маңызды алаңына айналмақ. Бұл сыртқы саясаттағы айтулы жетістік дейді сарапшылар.

Аймақтық хаб БҰҰ-ның «Күн тәртібі-2030» атты ғаламдық бағдарламасын ілгерілетумен айналысады. Онда кедейшілікпен күрес, қоршаған ортаны қорғау, өмір сүру сапасын арттыру және бәріне бірдей мүмкіндік жасау сияқты мәселелер бар. Жаңа орталықтың Алматыда ашылуы еліміздің сыртқы саясатындағы айтулы жетістігі,  дейді сарапшылар.

Нұрболат Нышанбаев, саясаттанушы:

Біріншіден, бұл – әлемдік қауымдастық тарапынан Қазақстанға артылған сенім. Олар Қазақстан саяси тұрақты ел ретінде таңдап отыр. Екіншіден, осы жоба арқылы тұрақты инвестициялық әлеует артады деп ойлаймын. Үшінші бір мәселе, Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы көпжақты дипломатиясының ескерілгені. Осы бойынша Қазақстанның Орталық Азияда көшбасшы болғандығының айқын көрінісі.

Алматы географиялық тұрғыдан Орталық Азияның барлық аймағына жақын орналасқан. Енді мұндағы құрылым Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін ғана емес, әлем игілігі үшін қызмет етеді. Өйткені өңір мен Ауғанстанға қатысты мәселелер көптеген мемлекеттің мүддесіне әсер етеді.

Думан Жекенов, саясаттанушы:

Сондықтан Қазақстанды middle-power ретінде, орта держава ретінде көргіміз келеді. Сол бойынша жұмыс істегіміз келеді. Және оған алшақтық жоқ емес. Осыған дейін де Қазақстанның халықаралық ұйымдарда, халықаралық өте көп бастамаларды көтерді.

Айта кетейік, елімізде ашылатын БҰҰ-ның аймақтық хабы – пилоттық жоба. Сондай-ақ әлем бойынша алғашқы әрі жалғыз орталық болмақ.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу