ШҚО гидронысандары көктемгі тасқынға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО гидронысандары көктемгі тасқынға дайын

28.02.2025

Еліміз бойынша ең ірі гидроэлектр станциялар мен су қоймаларының көбі шығыста шоғырланған. Алғашқыларының салынғанына 70 жылдан асып кетті. Сондықтан көктем мен қыста жиналатын судың көлемі реттеліп, қатаң қадағалауға болады. Жалпы аймақтағы стратегиялық нысандардың қазіргі техникалық жағдайын тішіміз Олжас Керейхан білуге тырысты.

Шығыстағы ең ірі үш гидро нысанның жұмысы Бұқтырма қоймасына тәуелді. Сондықтан судың мөлшерін қыста жауған қардың қалыңдығына қарай жинайды. Одан әуелі Өскемен гидростанциясы энергия өндіреді. Ал стратегиялық нысанның жерасты қабатының өзі 19 метр терең.

Мыңдаған тонна бетон құйылған қабырғаларға 400-ге жуық дабыл құрылғылары орнатылған. Сол арқылы барлық ақпарат бір орталыққа түседі.Бірақ оған қарамастан мамандар қауіпсіздікті тәулігіне бірнеше рет тексереді. Өйткені су жиналған сайын станцияның тағанына түсетін қысым да күшейеді.

Кристина Осинина, Өскемен ГЭС жетекші инженері:

Су қоймаларының жүк көтергіш механизмдерді, сондай-ақ басқа да гидротехникалық жабдықтарына тексеру жүргізіледі. Әсіресе дренаждық құрылғылар қаралып, су тасқынына қарсы арнайы жаттығу да өтеді.

Егер күн райы күрт жылынса, сай-саладан сарқырап аққан қарғын Бұқтырмаға құяды. Кемеріне келсе, артық суды Ертіске ағытады. Бірақ бұл өзенге де көп жіберуге болмайды. Сағасынан асса жағасындағы елдімекендерге жайылуы мүмкін.

Светлана Нищенко, ГЭС менеджері:

Жыл сайын су ресурстарын пайдалану жөніндегі мемлекеттік ведомствоаралық комиссия құрылады. Ол Ертіске кететін су көлемі мен қысымын анықтайды. Сол бойынша арнайы кесте жасалады. Ары қарай жұмыс кестеге сай жүргізіледі.

Бұқтырма. Шүлбі. Өскемен. Ең ірі бұл үш гидронысанның көлемі әртүрлі. Әрқайсысына мамырға дейін әлі де бірнеше жүз миллион текше метр су жинауға болады. Ал Тұрғысын мен Кіші Үлбі станциялары тау өзендерінен толығады. Олар да реттеледі. Жалпы өңірде 150 су бөгеті бар. Мамандарды осы жасанды су қоймалары алаңдатып отыр.

Медет Жәдігерұлы, Ертіс бассейндік инспекциясының басшысы:

Олардың бұған дейінгі деңгейлері жағдайлары қанағатсыз болғандықтан біздің тарапымыздан оларға су жинамау туралы шарт қойылған еді. Қазіргі кезде олардың 30-50 пайыз су жинақталған. Яғни күздегі жауын-шашынмен қалған сулар. Енді көктемгі су тасқын кезінде ғана толады.

Толған суды тоқтатпай көктем мен күзде жыл сайын дер кезінде жіберіп, реттеп отырады. Өйткені Үйдене, Қанды су, Лайлы және Орта Терек бөгеттері қазір апатты жағдайда тұр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу