Қазақ руханияты қайта қара жамылды. Араға ай салып тағы бір алыбымыздан айырылдық. Қабырғалы қаламгер, ұлы классик Дулат Исабеков 83 жасқа қараған шағында келместің кемесіне мініп кете барды. Төл әдебиетімізге тыңнан түрен салған жазушының есімі ұлт жадында мәңгі жаңғырары анық.
Бексұлтан Нұржекеев, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Дулаттың қазасы қазақ халқы үшін де, қазақ өнері үшін де, әдебиет үшін де, саясаты мен тіршілігі үшін де үлкен қайғы болды.
Ол жөргекте жатып-ақ қағылез тірліктің кемдігін көрді. Дүниеге келген күні әкесі майданда жүрсе, шешесі оны өлдіге санап, шетінеп кетті деп ойлаған. Әйтсе де, Исабековтің тағдыр иірімі шақалақ шақпен шектелмеді. Оның өмір көші қаламгерлік жолмен жалғасты. Жазушы қаламының құрсағынан туатын құдіретті күштің киесін, осы жолдағы атқарар миссиясын әуелден-ақ түсінген. Сондықтан әл-дәрмені таусылғанша жаза түсті.
Бексұлтан Нұржекеев, жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Дулат қазақ халқы үшін бәрін берді. Әдебиетіне де, өнеріне де, саясатына да берді. Ол әдеби шығарма да, драматургия да, мақала да жазды. Ашынып та жазды, мақтанып та жазды, мақтап та жазды. Халқы үшін аянбай қызмет істеді.
Дегдарлы уақыт пен сыншыл қауымның үдесінен іркілмей өткен Дулат Исабековтің шығармашылығы қазақ руханиятының қазынасы іспетті. «Қарғын» қалың оқырманның темірқазығына айналса, «Гауһартас» қазақ әдебиетінің жауһары атанды. «Дерменемен» дерттеніп, дәрменсіз жандардың тағдырын бастан өткеріп, «Сүйекшіні» сүйіп оқыған қазақ көп. Шынында, тың тақырып тарланы атанған жазушы 30 жасында-ақ әдебиет әлемінде өшпес із қалдырды.
Қазыбек Иса, жазушы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Дулат ағамызбен бірге бүкіл бір дәуір көшіп бара жатқандай. Өйткені, ол - қазақ әдебиетінің классигі, қазақ драматургиясының дүлдүлі, дүниежүзіне танытқан. Дүниежүзілік әдебиетте де өз орны бар. Тек қазақ әдебиетінде ғана емес. Әлем әдебиетіндегі белгілі тұлғалардың сөздері де жеткілікті, Дулаттың шығармашылығын өте жоғары көтерген.
Расында, сөз зергерінің қаламгерлік әлеуеті көркем әдебиеттің төңірегінде ғана шектелген жоқ. Ол өз дәуір-дүрмегінде драматургияның төскейіне беттеді. Қабырғалы қаламгер парақ бетінде тудырған кейіпкерлерін театр сахнасында сөйлетті. Өмірден өнер жасады.
«Бірегей» бағдарламасынан:
Дулат Исабеков, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері:
Станисловский айтады, «театр киім ілгіштен басталады» деп. Мен одан емес деп айтамын. Театр драматург, жазушы столынан басталады деп. Шын мәнінде драматург столынан басталады ғой, жаман ба, жақсы ма?! Міне, өзімізше барлық терминге жаңа қағида жасадым. Неден басталады театр деген? Соңғы кезде, драматургиямен көбірек кетіп қалдым. Өйткені, драматургия маған өте тиімді жанр болып, көз алдыма келеді.
Классиктің туындылары оқырман психологиясына тән нүктелерді дөп басып, сана түкпіріне терең бойлай алды. «Пері мен періште», «Өкпек жолаушы», «Тауқымет» туындылары адамзаттың жүріп өтетін ғұмыр көшін айқындайды. Ақиқатында, тіршілік тінін арқау еткен Дулат Исабеков — өз тағдыр тарамын жазған жезайыр жазушы!
Ернұр Медет
