Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының мүддесі тиісті деңгейде қорғалмай жатыр. Сенат депутаттары Ұлттық банкке осылай деп сын айтты. Мәселен қордың 300 млрд теңгесі агроөнеркәсіпке бағытталған. Дегенмен қаржы жылдам өсіп, жақсы нәтижеге жетеміз деп айтуға келмейді. Бұл жерде диқандарға жақсы көмек жасағанымызбен, салымшылардың мүддесі ұмыт қалып жатыр. Осы сияқты қадамдар тым көп деді Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов. Жалпы сенаторлар бүгін зейнетақы активтерін басқару мәселелерін сарапшылармен бірге талқылады. Ең бастысы халықтың қорға жинаған ақшасының қайда бағытталып жатқаны ашық көрсетілуі тиіс деген ұсыныстарын айтты.
Сұлтанбек Мәкежанов, Сенат депутаты:
Жаһандық зейнетақы жүйесінің тұрмысы төмен қарттарға көмек көрсету, қордағы қаржының көлемін көбейту, зейнеткерлерді жұмысқа орналастыру деген сияқты ұсыныстары бар. Біз мұның бірін де орындап отырған жоқпыз. Біздің зейнеткерлер ақшасы жетпей бара жатса, бір жерге күзетші болып кіреді, әйел адамдар ыдыс жуады. Өйткені басқа жұмысқа алмайды. Бұл дұрыс па? Қартайған шағында біз оларды қоғамнан ысырып тастағандай боламыз. Сондықтан бұл тұрғыда үлкен әрі ауқымда жұмыстарды қолға алу керек деп есептеймін.
Оңғар Алпысбай
