Президент күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

11.02.2025

Мемлекет басшысы Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық сайысында жүлделі орын алған күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады. Ресми рәсім барысында Президент елдегі құқық қорғау органдарының жұмысына тоқталып, заң мен тәртіптің маңыздылығын атап өтті.

Ақорда. Салтанатты киім киген сардарлар. Ел тыныштығын күзетіп, әдетте көзге түсе бермейтін сарбаздар бүгін құрмет-қошеметке бөленді.

Араб әмірлігіндегі жарысқа Қазақстан атынан 12 команда қатысты. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» тобы халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанса, еліміздің тағы 4 командасы үздік ондыққа енді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

«Елдің атын ер шығарар» деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк Туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ.

Мемлекет басшысы халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанын атап өтіп, батыр бабалардың жолын бүгінгі әскерилер лайықты жалғастырып келе жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бүгінде сіздер жауынгер халықтың ұрпағы ретінде Отан алдындағы қасиетті парызды терең түсініп, адал қызмет етіп жүрсіздер. Еліміздегі бейбіт өмірді сақтау үшін табанды еңбек етіп келесіздер. Сіздерді заң мен тәртіп сақшысы деуге толық негіз бар. Заң мен тәртіп – әділетті әрі қауіпсіз мемлекеттің өзегі.

Дубайдағы дүбірлі дода арнайы жасақтар арасындағы олимпиада ретінде танылған. Биылғы бәсекеге 80 елден 100 ден аса команда қатысты.

Ермекқали Шоқаев, «Сұңқар» командасының мүшесі, полиция аға лейтенанты:

Осы жарыс нәтижесі біздің жауынгерлік рухымыздың жоғары екенін дәлелдеді. Біз кез-келген тапсырманы орындауға дайынбыз және Отан үшін барымызды саламыз.

Мерлан Ұлтанбаев, «Сардар А» командасының мүшесі, ҚР мемлекеттік күзет қызметінің капитаны:

Егемен елімнің азаматы екенімді, оның сарбазы екенімді мақтан етемін. Біздер сіз айтатын адал азамат қағидасына лайықты болуға тырысамыз.

Президент «Томирис» командасын ерекше атап өтті. Қарулы күштер сапындағы қазақ қыздары әлем біріншілігіне алғаш рет қатысты. Жалпы есепте қырыққа жуық ерлер командасын артта қалдырып, қыз-келіншектер арасында күміс жүлдені иеленді.

Балнұр Қиялбекова, «Томирис» командасының мүшесі, полиция капитаны:

Жарыс 5 күнде өтті. Әр күннің өз қиыншылықтары болды. Оңай болған жоқ. Бізді арнайы жасақ Сұңқар нұсқаушылары Астанада жаттықтырды. Біз дайындалып, бар күш-жігерімізді салдық.

Жиын барысында Президент кейбір мемлекеттер сыртқы және ішкі саясатындағы ұстанымдарын қайта қарап жатқанын айтты. Дегенмен, еліміз ұлттық мүддені қорғап, өз саясатын дербес жүргізе беретінін атап өтті. Мақсат – қуатты және өркендеген Қазақстанды құру деді ол.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу