Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Мемлекет басшысы Біріккен Араб әмірлігінде өткен SWAT Challenge сайысында топ жарған күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады. Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды құттықтап, бұл табыс тиянақты дайындық пен қажырлы еңбектің нәтижесі екенін атап өтті. Сонымен қатар халқымыздың ерлік дәстүрі тереңде жатқанын атап өтті. Дубайдағы дүбірлі дода арнайы жасақтар арасындағы олимпиада аталып кеткен. Оған биыл Қазақстан атынан 12 команда қатысты. Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар» және «Томирис» ұжымдары халықаралық жарыстың күміс жүлдегері атанды. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» командасы төртінші орынға ие болды. Мемлекеттік күзет қызметі мен Қорғаныс министрлігінің командалары да шеберліктің үздік үлгісін көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Елдің атын ер шығарар» деген. Сайыпқыран сарбаздарымыз көк туымызды асқақ желбіретті. Төрткүл дүние жауынгерлеріміздің мықтылығына куә болды. Біз сіздерді мақтан тұтамыз. Осындай жеңісті сәттер барша халқымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың рухын көтереді. Ел қорғаны мықты болса, Қазақстанның еңсесі әрдайым биік болмақ.
Шерхан Жамбылұлы
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Президент күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/index.php/news/206640/)