Былтыр елімізде қылмыс саны 12 700-ге азайған. Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Президентке елдегі криминогендік жағдай жөнінде ақпарат берді. Сәденовтің сөзінше, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау мен ұрлық сияқты аса ауыр қылмыс түрлерінің саны төмендеген. Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін 264 адам жауапкершілікке тартылды. Министрдің мәліметі бойынша, соңғы 12 айда есірткі таратуға қатысты ақпарат жариялаған 7500-ге жуық интернет-ресурс анықталды. 22 тоннаға жуық есірткі айналымға жіберілмеді. 64 зиянды заттар зертханасы жойылды. Интернет-алаяқтардың 65 миллион қоңырауы бұғатталып, нөмірлерді ауыстыруға арналған 48 SIM-box құрылғысы әшкереленді. Кездесу соңында Мемлекет басшысы елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру бойынша бірқатар тапсырма берді.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрі:
Сонымен қатар Президентке жасөспірімдердің құқығын қорғау, көші-қонды бақылауды күшейту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесін жақсарту бағыттары бойынша шаралар туралы баяндадым. Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздікті және азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырма берді.
Шерхан Жамбылұлы