Еліміздегі 1200-ден астам елдімекенді су басу қаупі бар. Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бүгін осылай деді. Ал Үкімет табиғи апаттан азаматтардың баспанасы мен мүлкін сақтандыра алмай отыр. Тасқынның алдын алу үшін Үкімет қандай шара қабылдамақ? Былтырғы қателік қайталанбай ма? Айя Мүтәлі тарқатады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Бүгін Сенат Үкіметтің көктемгі тасқынға дайындығын пысықтады. Жауапты министрлік өкілдері былтырғы кемшіліктер мен биыл қолға алған шаралар жөнінде 2 сағат бойы депутаттардың алдында есеп берді. Бұл бекер емес. Себебі халық әлі күнге су астында қалған ауыл, қырылған мал мен қираған үй-жайды ұмыта қойған жоқ. Биыл да қауіп аз емес. Күн шығып, қар ерісе, бірден су астында қалуы мүмкін ауылдар бар. Депутаттар көрші Ресейден биыл да топан су келуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Жақып Асанов, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:
Шекаралас Орынбор, Орск, Омбыда су арнасынан шығып, маңайын басуда. Демек ол топан су көп ұзамай бізге де келеді.
Алайда министрлік жағдай бақылауда, алаңдауға негіз жоқ деп отыр. Қос ел трансшекаралық өзендердегі су тасқынына бірлесіп дайындалып жатыр.
Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:
Бізде ай сайын төтенше жағдай министрлігінен жедел топ дейміз, соны жіберіп отырмыз. Басталатын кезде де жіберіп, өзіміздің министрліктің резерві бар. Әскери техника бар. Соларды жібереміз. Дайын боламыз.
Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Расымен, 2024 жылы Президенттен біраз сөгістер болған. Бәрімізде тәжірибе алдық. Сабақ алдық. Соның арқасында көптеген өзгерістер алдын алу жұмыстары жасалып жатыр. Мемлекеттік инспекторлар бәрі де өңірлерге шығып, қазір аяқтарымен жүріп, көзбе-көз адамдармен кездесіп, қазіргі болып жатқан жағдайды ешбір формализмсіз нақты болжамды беріп жатыр.
Тасқынды алдын ала болжайтын цифрлық жүйе әзірленді. Онда ауа райы болжамы, қар деңгейі мен өзен-көлдердің жай-күйі күн сайын талданады. Ал цифрлық жүйенің алғашқы болжамы ақпанда жарияланады. Десе де депутаттарды алаңдатып отырған мәселе аз емес. Банктер мен қаржы институттары әлі күнге дейін тұрғын үйлерді табиғи апаттан сақтандыруға құлықсыз. Әзірге тек екі банкпен келіссөз жүріп жатыр. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде тұрғындарға бағыт-бағдар беретін арнайы нұсқаулық жоқ. Ал депутат Бибігүл Жексенбай қарғын суды тиімді пайдалану жағы ескерусіз қалғанын айтады.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Судың бәрі ағып келеді. Жуып-шайып кетіп қалады. Ал егер су бассейндерін жасайтын болсақ, қазір енді жаңа технологияға, мына көрші Қытай мемлекетінің тәжірибесін жиі пайдаланатын болсақ, суды біз көбірек пайдасын көруге болатын еді. Тіпті ірі қалаларда көгалдандыруға жақсы пайдалануға болатын еді деп ойлаймын.
Жауапты министрліктің мәліметінше, бұл мәселе жаңадан әзірленіп жатқан Су кодексінде қамтылған. 2028 жылға дейінгі арнайы жоспар бар.
Болат Бекнияз, ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің бірінші орынбасары:
Біз жақын арада кешенді жоспарды бекіттік. 42 жаңа су қойма салу. 37 су қойманы реконструкциядан өткізу. Су қоймалар тасқынға қарсы әдейі пайдаланады. Екіншіден, 2028 жылға дейін ауыл шаруашылығына пайдаланады.
Айя Мүтәлі, тілші:
Депутаттар, сондай-ақ, былтыр Қазгидромедтің жауын-шашын мол болатынына қатысты болжамын Үкімет ескермеді, соның кесірінен апаттың алдын алу мүмкін болмады дейді. Жауапты ведомства бұл жолы мұны да қаперге алғанын айтады. Ал синоптиктердің болжамынша, биыл қар деңгейі былтырғымен салыстырғанда 2 есе төмен.
Айя Мүтәлі