Алматыда әуе шарымен ұшудан рекорд орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әуе шарымен ұшудан рекорд орнатылды

07.10.2024

Жер-жаһанның 120-ға жуық елін әуе шарымен аралап шыққан қос ұшқыш қыз Қазақстанда әлемдік рекорд орнатты. Ұлыбританиялық Альмут Даннингтон мен бразилиялық Лаис Паньо елге келу үшін алты жыл дайындалған. Олар кезекті биігін бағындыру мақсатында бүгін Алматы көгіне көтерілді. 

57 жастағы Альмут – аэронавтикадан әлемдік рекордқа енген жалғыз әйел. Қазір салмағы 350 келі болатын әуе шарын өзі құрастырып жүр. Таңсәріден желдің бағытын анықтап алды. 

Альмут Даннингтон, ұшқыш: 

Менің арманым орындалды. Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Алматының таулары ұнады. Кербез, сұлу, құпияға толы. Мұндағы көрініске қарай бергім келеді.

Рекордшылар Қазақстанның туы бейнеленген әуе шарымен 900 метр биікке көтерілді. Олар екі сағат Алматыны әуеден тамашалады. 

Айдана Қуантхан, тілші:

Мен бірінші рет әуе шарымен көкке көтеріліп тұрмын. Қорқынышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Десе де, алған әсерім керемет. Біз қазір шамамен 250-300 метр биікте тұрмыз. Ал шетелден келген қонақтарымыз әлемнің 120 мемлекетінде болып, әуе шарымен шарлап, түрлі трюктер жасаған. 

ӘУЕСҚОЙ ТҮСІРІЛІМ /БРАЗИЛИЯ/

Бұл видеоны бразилиялық Лаис осыдан 3 жыл бұрын түсірген. Ол салмағы 10 мың текше метр болатын әуе шарының ұшар басына шығып, 500 метр биіктен парашютпен секіріп, рекорд орнатқан. 

Лаис Пиньо, ұшқыш:

Әдетте, сапарымды ұзақ жоспарлаймын. Әрі шытырманға толы болғанын қалаймын. Ұшқан сайын әр түрлі әсерге бөленемін. Ал ұшу кезінде барлық жауапкершілікті капитан ретінде өз мойныма аламын.

Тұмса табиғатты әуе шарынан тамашалау тынысыңды ашады дейді, қос ұшқыш. Дархан дала төсіне аңсары ауған рекордшылардың сапары Қазақстаннан басталды. Енді Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде жалғасын таппақ.   

Айдана Қуантхан



Хабарламаларға жазылу