Жетісу облысының Жаркент қаласында Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа жерлестері құрмет көрсетті.
Ел сенімін ақтаған спортшыны зор қошеметпен қарсы алған жетісулық ағайын батырға темір тұлпар мінгізіп, пәтер кілтін табыстады. Атымтай жомарт азаматтар тағы бір үйдің кілтін анасы Күлипа Бижанова тарту етсе, қос бапкері де салтанатты шарадан көлікпен қайтты. Финалға дейін күресіп, екінші орын алса да, палуанның бұл жетістігі бүкіл қазақтың абыройын асқақтатты. Айта кету керек, дәл осы Үшарал ауылынан Бейжің Олимпиадасында грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаев та күміс жүлдегер атанған.
Демеу Жадыраев, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері:
Халықтың қошеметі, қолдауы, ағайларымның маған берген кеңесі жақсы көмектесті. Сондықтан осындай жоғары нәтижеге жеттім. Алғысымды білдірем. Еңбегімнің ақталып жатқанына өз басым ризамын.
Қуаныш Қанатұлы