Жаңартылатын энергияның мүмкіндіктерін пайдалану қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы
Басты Жаңалықтар Жаңартылатын энергияның мүмкіндіктерін пайдалану қажет

Жаңартылатын энергияның мүмкіндіктерін пайдалану қажет

Жаңартылатын энергияны дамытып, күн жарығы, жел, су сияқты табиғи ресурстарды пайдалану қажет. Энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық жобасында осы тақырыптарға ерекше екпін берілді. Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше және бақылаушы елдердің энергетика министрлері елордада бас қосты. Құжат кешенді стратегиялық бағыттарды қамтиды. Онда жаңа энергетикалық жүйені қалыптастырудан өзге «жасыл» технологияларды енгізу, дәстүрлі энергия көздерін жаңғырту, инновациялық технологиялар мен ғылымды дамыту, сутегі энергетикасы, кадр даярлау мәселелеріне басымдық берілген. Жоба былтыр Мемлекет басшысының бастамасымен ұсынылған. Министрлер құжатты бірауыздан мақұлдады.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

1 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Жұмыс тобымен 16 кездесу өткіздік. Ғылыми институттар тартылды. Қауымдастық өкілдері қатысты. Бүгін сол құжат министрлердің мақұлдауынан өтті. Енді шілдеде өтетін саммит аясында Президенттер бас қосуында қол қоюға жіберіледі.

Мехрабиан Али Акбар, Иран Ислам Республикасының Энергетика министрі:

Бұл - тарихи құжат. Ынтымақтастықтың тек бастамасы ғана. Ұйымға мүше мемлекеттер ең ірі энергия өндірушілер мен ең ірі тұтынушылары. Сондықтан күш біріктіруіміз маңызды. Құжатта жылу, су, электр энергиясына қатысты маңызды бөлімдер қамтылған. Егер ұйым мүшелері бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланса экономикалық тұрғыда нәтижесін көрсетеді деген сенімдемін. 

Раушан Сайлауқызы

Бөлісу